Қаржы полициясы лауазымды тұлғаларға пара беру фактілері бойынша 104 қылмыстық іс қозғады

АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаржы полициясы лауазымды тұлғаларға пара беру фактілері бойынша 104 қылмыстық іс қозғады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 27 пайызға артық.

Қаржы полициясы лауазымды тұлғаларға пара беру фактілері бойынша 104 қылмыстық іс қозғады


Бүгін журналистерге аталмыш фактілер бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай кең мағлұматтар таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мәселен, осындай қылмысқа барған Жамбыл облыстық маслихатының бұрынғы депутаты М. Тазабеков істі болып, 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар осы өңірде «Қордай» кедендік бекетінің бас маманы Д. Базаров 3 жылға сотталды.

 «Парақорлыққа делдал болғаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысында 1 жыл бас бостандығынан айыруға Арал-Сырдария балық инспекциясының облысаралық бассейндік басқармасының бас маманы В. Безмельницин сотталды. Ол аталмыш бөлімнің бастығы Б. Дауылбаевтың кәсіпорындардың бірінің қызметіне қамқорлық жасауы үшін 550 мың теңге пара алуына делдал болған. Дауылбаев кінәлі деп танылып, сот оны 7 жыл бас бостандығынан айыру жөнінде шешім шығарды», деді М.Жұманбай.