12:06, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Қаржы полициясы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбекке іздеу жариялады
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбекке іздеу жарияланды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, комитет төрағасына қызметтік өкілеттігін теріс мақсаттарға пайдаланды деген айып тағылып отыр.
«Нақтырақ айтқанда, ол 2007 жылдың тамыз айында қазақ-орыс-ағылшын тілдеріндегі онлайндық аудармашы жасау жұмысы бойынша атқарылмаған істердің 3 актісіне қол қойып, осы істі жүзеге асырушыға қажетті қаржыны толық көлемде төлеп берген. Бүгінде еліміздегі 20 министрлік пен тілді дамытумен айналысатын 12 мемлекеттік мекеменің мәліметтері бойынша, үштілді аудармашы жұмыс істемейді. Сондықтан ол тиісті органдар тарапынан қолданылмайды да», деді ресми өкіл. Оның айтуынша, комитет төрағасының осы әрекетінің салдарынан мемлекетке келген зиян 65 миллион теңгені құрап отыр. «Қазіргі таңда аталмыш азаматқа іздеу жарияланып, оны іздестіру шаралары жүргізілуде», деді М.Жұманбай.