Қаржы полициясы жалған кәсіпкерлер мен салықшылардан құралған ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі

Қылмыстық топтың құрамына Л. Әзімова, Б. Сарыбеков, олардың сенімді адамдары Ж. Дүйсебаева мен оның қызы К. Оразбаева, есепшілер И. Ли, А. Ли, Д. Кәрібаева, С. Кауц, О. Зиновьева, Сұлтанбекова З., Әбдіқасов Е., Сарыпбекова Л. және Оңтүстік Қазақстан облысының салық органдарының қызметкерлері кірген.
Топтың басшылығын Әзімова мен оның күйеуі Сарыбеков атқарған.
2008-2012 жылдар аралығында қылмыстық топ 60-тан астам жалған кәсіпорынды тіркеген. Олардың есеп-шоттары арқылы жалған шот-фактуралар жазып беру және қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару қызметтері көрсетілген.
Мемлекет бюджетіне төленбеген салық түріндегі залал 18 млрд.теңгеден астам соманы құрады.
Әзімова мен Сарыбеков қылмыстық топты ұйымдастырушы және басқарушы ретінде жалған шот-фактуралар және қолма-қол ақшаға айналдыру қажет кәсіпорындарды іздеумен айналысты.
Дүйсебаева мен Сарыбеков ақшалай қаражатты екінші деңгейдегі банктерде қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
А. Ли, Оразбаева және Сарыпбекова жалған кәсіпорындарда бухгалтерлік құжаттарды жүргізді және контрагенттерге сатылуға арналған жалған құжаттарды дайындады.
Осыдан кейін Кәрібаева және И. Ли жалған кәсіпорындардың салықтық есептік құжаттарын дайындап, оларды салық органдарына тапсырып отырған.
Сонымен бірге, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне жалпы қамқорлықты Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары А. Садықовтың жүзеге асырғандығы тергеу барысында анықталды. Ол аймақтың салық органдарында түрлі басшылық лауазымдарды атқара отырып, ұйымдасқан топтың қылмыстарын жасыруын қамтамасыз ететін болған.
Садықовқа қатысты қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану, Әзімова мен топтың басқа мүшелеріне қатысты жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Оған қоса аталған тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оның қызметіне қатысу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әзімова, Сарыбеков, И. Ли, Дүйсебаева және Садықов қамауда, топтың басқа мүшелері ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.
2013 жылғы сәуірде Қаржы полициясы агенттігі аталған қылмыстық істердің тергеуін аяқтады.
Бүгінгі күні айыпталушылар мен олардың қорғаушыларын қылмыстық іс материалдарымен таныстыру процедурасы жүргізілуде.