Қаржы полициясы жалған кәсіпкерлерге қамқорлық жасаумен айналысқан 4 салық қызметкерін қамауға алды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысында жалған кәсіпорындар арқылы 4 жыл бойы салық төлеуден жалтару қызметін көрсетіп келген ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтағанын хабарлаған болатын. Бүгін аталған ведомствоның баспасөз қызметі аталған қылмыстық топқа қамқорлық жасады деген айыппен Оңтүстік Қазақстан облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Садықов қамауға алынған жария етті.
None
None

«Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында аталған қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық жасап келген салық органдарының басқа да қызметкерлерін анықтады. Ағымдағы жылғы 17 қыркүйекте қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен Оңтүстік Қазақстан облыстық салық департаментінің бас мамандары Әділев пен Боранбаев, Төле би ауданы салық басқармасының бас маманы Жұмағұлов және осы салық басқармасының бұрынғы қызметкері Қаратаев ұсталды», - делінген хабарламада.

Олар жалған кәсіпорын екендігін көрінеу біле тұра, Садықовтың заңсыз нұсқауына сәйкес, қылмыстық топқа тиесілі кәсіпорындардың құжаттық және жою тексерістерін салғырт жүргізіп, тексеріспен анықталған бұзушылықтарды жасырған деп айыпталуда. Бұл мемлекет бюджетіне 100 млн. теңге мөлшеріндегі салықтар мен өзге де міндеті төлемдердің түспеуі түріндегі залалдың келтірілуіне әкеліп соқты. 17 қыркүйекте Әділев, Боранбаев, Жұмағұлов және Қаратаев үй қамауына алынды.

Жалпы 2013 жылдың 8 айында қаржы полициясы салық органдарының қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 39 қылмыстық іс қозғады.

Соңғы жаңалықтар