Қаржы полициясының 20 жылдығына орай бірқатар қызметкерлер марапатталды - Қарағанды облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 маусым күні Қарағандыда Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы органдары құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.
None
None

Шараға облыс әкімі Бауыржан Әбдішев қатысып, қаржы полициясының қызметкерлерін және ардагерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады. «Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылыққа қарсы күрес жүргізуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміз ең алғашқы болып ТМД елдері арасында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңын әзірлеп, қабылдады. Содан бері Қаржы полициясы органдары ел экономикасының өсуіне, Елбасының жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда маңызды мемлекеттік жүйеге айналды», - деді облыс әкімі. Бауыржан Әбдішев жергілікті билік органдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қаржы полициясы департаментімен бірігіп, жемқорлыққа қарсы күресте жұмыла жұмыс істеп отырғандығын баса айтты. «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап айтқандай, сыбайлас жемқорлықпен күрес - мемлекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені болып табылады. Қоғам мен мемлекет мүддесін қорғау жолында жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шынайы тілектеспін»,- деді аймақ басшысы. Облыс әкімі ерекше көзге түскен департамент қызметкерлеріне алғыс білдіріп, арнайы дипломдармен марапаттады. Атап айтқанда, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Төрағасының тапсырмасымен салалық полиция департаментінің басшысы Қанат Артықбаевқа мерейтойлық «Қазақстан қаржы полициясына - 20 жыл» төсбелгісін тақты. Ал Қанат Артықбаев қаржы полициясының құрылу тарихы туралы баяндамасынан соң облыс әкімі Бауыржан Әбдішевке, облыстық мәслихат хатшысы Нұрлан Дулатбековке, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспановаға, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұловқа, облыстық соттың төрағасы Асқар Секишевке, құқық қорғау органдарының басшыларына мерейтойлық «Қазақстан қаржы полициясына - 20 жыл» төсбелгісін табыстады. Мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлес қосып, жан-жақты насихаттап жүрген бірқатар БАҚ өкілдеріне де қошемет көрсетілді. Сондай-ақ Қаржы полициясының ардагерлеріне мерейтойлық төсбелгі және құрмет грамоталары табысталды. Екі қызметкерге полковник және подполковник шені берілді. «Қазақстан қаржы полициясына - 20 жыл», III және II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілеріне, құрмет грамоталары және алғыс хаттарына ерекше көзге түскен департамент қызметкерлері ие болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар