Қаржыландырудың жаңа жүйесі ғылым саласына ІЖӨ 1 пайызын жұмсауды қарастырады

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қаржыландырудың жаңа жүйесі еліміздегі ғылым саласын дамытуға жұмсалатын шығынның көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыруды көздейді.

Қаржыландырудың жаңа жүйесі ғылым саласына ІЖӨ 1 пайызын жұмсауды қарастырады

Бүгін ҚР Парламенті Cенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Ғылым туралы» заң жобасын талқылау барысында Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков осылай мәлім етті.

«Заң жобасында ғылым саласын дамытудың халықаралық тәжірибелері ғана ескеріліп қойған жоқ, сонымен қатар халықаралық ғылыми қауымдастықтардың пікірлері зерделенді. Құжат осы уақытқа дейін ғылыми ұйымдарда, жоғары оқу орындарының ғалымдары арасында, «Нұр Отан» партиясында кеңінен талқыға түсті. Нәтижесінде, заң жобасымен ғылыммен айналысатын адамдардың мәртебесін, беделін көтеруге бағытталған бірқатар нормалар қамтылды», - деді М. Сарыбеков.

Оның айтуына қарағанда, ғылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған құжатта жоғары ғылыми-техникалық комиссияның, ұлттық ғылыми кеңестердің функциялары кеңейтіледі. Ғылыми жобалар мен бағдарламаларға тәуелсіз бағалауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орталық құру қарастырылады. «Заң жобасының әлеуметтік және экономикалық маңызы зор. Құжат тек ғылым саласына ғана емес, сонымен бірге еліміздің жалпылама дамуына тиімді әсер ететіні күтіледі», - деді М. Сарыбеков.