Қаржылық бақылау агенттігінің лауазымды қызметкері 300 мың теңге пара алу үстінде ұсталды
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаржылық бақылау агенттігінің лауазымды қызметкері 300 мың теңге пара алу үстінде ұсталды.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қаржылық бақылау агенттігінің Астана қаласы Қаржылық бақылау инспекциясының бөлім бастығы Манарбек Алпысбаев «Қалалық электр желілері» АҚ өткізген мемлекеттік сатып алуларды тексеру барысында, ағымдағы жылғы мамырдың 29-ында аталмыш серіктестіктің мемлекеттік сатып алулар бөлімінің бастығына жүргізілген тексеріс актісі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына бермейтінін, әкімшілік жаза қолданбайтынын айтып, одан 300 мың теңге пара талап еткен. «Қалалық электр желілері» АҚ-ның бөлім бастығы маусымның 2-сінде Қаржы полициясына шағымданады. Маусымның 6-сында Сарыарқа аудандық соты М.Алпысбаевты қамауға алу туралы шешім шығарды. Тергеу жүргізілуде», - деді М.Жұманбай.