KASE-де фьючерстік сауда-саттық көлемі ұлғайып келедi
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан қор биржасындағы (KASE) фьючерстік сауда-саттық көлемі 2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында 3 млрд. 63 млн. теңгеден асты, деп хабарлайды Халықтық IPO бағдарламасының ресми сайты.
Бес айдың қорытындысына қарап, 2013 жыл фьючерстік нарық үшін өте табысты болды деп айтуға болады. Сауда-саттықтың барынша көп көлемі сәуір айында тiркелiп, 2 млрд 298 млн. теңгенi көрсеткен. Оның тең жарымы 30 сәуірдегі бір реттік мәмілеге тиесілі, ол кезде USD/KZT бойынша 1 млрд. 225 млн. теңгеге фьючерстік келісімшарт жасалды. Бұның алдындағы жоғары көрсеткiш қаңтарда болды, ол кезде фьючерстік сауда-саттық көлемі 757 млн. теңгеден асып жығылды. Ақпан, наурыз және мамырда осы құралдар бойынша сауда-саттық іс жүзінде болған жоқ.
Бүгінде KASE-де 16 фьючерстік келісімшарт бар. Олардың арасында ENRC, «Қазақмыс», «Халық банкі», Kcell, «ҚазТрансОйл», «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» сынды компаниялардың акцияларына, сондай-ақ KASE индексіне және доллар/теңге бағамына арналған фьючерстік мәмілелер бар.