Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қашаған операторлары Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік компаниялар Қазақстанға экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін сот шешімі бойынша 2,3 трлн теңге көлемінде айыппұл төлеуі керек. Бұл туралы Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде мәлімдеді.

Қашаған операторлары Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс
Фото: ҚМГ

Вице-министрдің айтуынша, сот шешімі заңды күшіне енген. Сот белгілеген мерзімге дейін айыппұл төленбеген жағдайда мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылады.

— Қазіргі уақытта шетелдік компаниялардың 2,3 триллион теңге төлеу бойынша міндеттемелері бар. Егер шетелдік компаниялар 20 шілдеге дейін айыппұлды төлемесе, Қазақстан Республикасы заңнамаға сәйкес, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңға сәйкес тиісті шараларды қабылдайды. Атқарушылық іс жүргізу қозғалып, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады, — деді Даниэль Ваисов.

Вице-министрдің сөзінше, мердігер ұйымдар қабылданған шешімдермен келіспей, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) жүгінген. Оған қоса, Қазақстанның мемлекеттік органдарының әрекеттерін даулап жатыр. Қазіргі уақытта тараптар арбитрлер құрамын жасақтау жұмыстарын аяқтау сатысында. Ал арбитраж құрамын шілде айының соңына дейін қалыптастыру жоспарланған.

Айта кетейік, Қашаған ірі мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы күкіртті шамадан тыс сақтау фактілері бойынша енгізген еді.

Алайда 2025 жылғы 1 тамызда Астана сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы ведомство берген нұсқаманы оны шығару кезінде жіберілген процессуалдық бұзушылықтарға байланысты жойған.

Былтыр тамызда Экология министрлігі сот көрсеткен ескертулерді жойып, компанияға экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2,3 трлн теңге көлемінде айыппұл салды.

Айта кетейік, Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы басталды.

Сонымен қатар Қазақстанда «екінші Қашаған» пайда болуы мүмкін. ҚМГ жобаның егжей-тегжейін айтқан еді.