Қашағанда жөндеу жұмысын кейінге қалдыру жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарының кейінге шегерілгені жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

Мұндай жаңалықты бірқатар халықаралық агенттіктер таратқан болатын.
Онда Қазақстанның North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы акционерлеріне хат жолдап, Қашағандағы қазан айына жоспарланған жөндеу жұмысын келесі жылға ауыстыруды өтінгені, өйткені табиғи газ тапшылығы болуы мүмкін деп алаңдағаны айтылады.
Жоспарлы жөндеу жұмысы қазан айында басталып, 28 күнге созылуы керек-ті.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарының кейінге қалдыру нұсқасы қарастырылған.
«Алайда бұл тек бұрынғы талқылау деңгейінде болған. Ешқандай шешім әлі қабылданған жоқ. Қазақстан ОПЕК+ келісімін ұстанып, өз міндеттемелерін толық орындау және ОПЕК хатшылығына ұсынылған өтемақы жоспарын орындау бойынша шаралар қабылдап жатыр» дейді ведомстводан.
Айта кетейік, Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады.
Күні кеше, 4 қыркүйекте Қашаған сұйытылған газын жеткізу туралы шартқа қол қойылды.