Қашағандағы газ өңдеу зауытының іргетасы құйылып бітуге жақын
АСТАНА. KAZINFORM – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасы қандай сатыда екенін айтты.
- Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу жобасы стратегиялық жоба болып есептеледі. Оның арқасында тауарлық газ бен түйіршіктелген күкірттің, сұйытылған мұнай газының өндіріс көлемі артады, - деді Әлібек Жамауов «Самұрық-Қазына» қоры қоғамдық кеңесінің отырысында.
Оның сөзінше, жоба қарқынды жүріп жатыр.
- Құрылыс алаңына 2 мыңнан астам құрылысшы мен маман, 330-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Алып пішінді қондырғыны жинақтау жұмысы аяқталды. Іргетас құю жұмыстары да бітуге жақын. Металл құрандыларды орнату, қондырғыны жинақтау, резервуар төсеп, технологиялық коммуникация инфрақұрылымын орнату жұмыстары басталды. Зауыт құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланған, - деді ұлттық компания басшысы.
Бұған дейін Астана соты Қашаған операторына берілген Экология министрлігінің нұсқамасын жойғанын жазған едік.