Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қашағандағы жаңа зауыт жылына 727 млн текше метр газ өндіреді

АСТАНА. KAZINFORM — Қашаған газ өңдеу зауытындағы құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 60 пайызға жетті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қашағандағы жаңа зауыт жылына 727 млн текше метр газ өндіреді
Фото: Энергетика министрлігі

Атырау облысына жұмыс сапары барысында жобаның іске асырылу барысын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бағалады. Министрліктің мәліметінше, зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 1 млрд текше метр ілеспе газды өңдеп, жыл сайын шамамен 727 млн текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді.

Жобаны «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр. Зауыт еліміздің газ өңдеу саласындағы негізгі нысандардың біріне айналып, Қашаған кен орнын игеру барысында өндірілетін ілеспе газды өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қашағандағы газ өңдеу зауыты
Фото: Энергетика министрлігі

Қазір құрылыс алаңына негізгі жабдықтың 97 пайызы жеткізілді. Вахталық кент пен ірі көлемді жүктерді жеткізуге арналған теміржол инфрақұрылымының құрылысы аяқталды. Жобаны іске асыруға шамамен екі мың маман тартылған. Технологиялық жабдықтарды монтаждау, инженерлік коммуникацияларды тарту және негізгі өндірістік нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.

Нысанға бару барысында министрге құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, жабдықтарды жеткізу және жобаның келесі кезеңдерін іске асыру туралы ақпарат ұсынылды. Тапсырыс берушінің мәліметінше, құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жедел қарқынмен жүргізіліп келеді.

Қашағандағы газ өңдеу зауыты
Фото: Энергетика министрлігі

— Қашаған газ өңдеу зауыты Қазақстанның газ саласын одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Газ өңдеу зауытын іске қосу ілеспе газды өңдеу көлемін ұлғайтуға, еліміздегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірін игеру тиімділігін арттыруға және ішкі нарықты қосымша көлемдегі тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі міндетіміз — кәсіпорынды белгіленген мерзімде пайдалануға беру, — деді Энергетика министрі.

Қашағандағы газ өңдеу зауыты
Фото: Энергетика министрлігі

«QazaqGaz» АҚ» басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың сөзінше, жобаны іске асыру жұмыстары компанияның тұрақты бақылауында.

— Жобаның ел экономикасына маңыздылығын ескере отырып, біз Қашаған газ өңдеу зауытының жоғары сапалы, құрылыс жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз, — деді Жамауов.

Осыған дейін Қашаған кен орнының шикізат базасында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталғанын жазғанбыз.