Қашағаннан қайыр бар ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық мұнай өнеркәсібінің ел экономикасында алар орны ерекше. «Қара алтын» ел ырзығына айналып қана қоймай, үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып келеді.

Қашағаннан қайыр бар ма?

Мәселен, 2013 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінде мұнай-газ саласының үлесі шамамен 24 пайызды, Ұлттық қорда - 99 пайызды, республика экспортында - 76 пайызды құраса, Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестициясының көлеміндегі бұл көрсеткіш 24 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар, мұнай мен газ саласының дамуы жылдан жылға артып та келеді. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл саладағы негізгі көрсеткіштер 2012 жылдың деңгейінен асып түскен. Атап айтқанда, былтыр елімізде мұнай өндіруде жаңа рекордтық деңгейге қол жеткізіліп, бұл - 81,8 млн. тоннаны құраған. Мұнай экспорты алғаш рет 72 млн. тоннадан асса, газ өндіру 42 млрд. текше метрге жетті. Алдағы уақытта да мұнай және газ саласының қарқыны сақталатыны күтіледі. Сондықтан да, Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2050» Стратегиясында мұнай-газ саласын дамыта түсуді жүктеген болатын. Осыған орай, ұлттық экономиканың басты флагманына айналған саланың қазіргі ахуалы мен келешегі туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин баяндаған еді.

Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан қазір әлем елдері арасында мұнай қоры жағынан 12-орында, ал мұнай өндіру бойынша 17-орында тұр. Бұдан бөлек, газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 20-орында тұрса, оны өндіруден 29-орындамыз. Сонымен қатар, Қазақстан әлемнің 30 еліне мұнай жөнелтіп келеді. 2013 жылғы мәліметтер бойынша экспорттың ең көп көлемі Италияға (27 пайыз), Қытайға (17 пайыз), Нидерландыға (13 пайыз), Францияға (9 пайыз) және Австрияға (7 пайызға) тиесілі болып отыр.

Тоқтала кететін жайт, қазіргі таңда да келешек перспективада да мұнай және газ секторы бойынша Қазақстанның Қашаған жобасы көп үміт күттіретіні айқын. Өйткені, ең алдымен Қашаған - дүниежүзінде соңғы 30 жылда табылған ең үлкен кен орны болып есептеледі. Әлемде осы өткен 30 жылда қаншама рет мұнайға іздеу, барлау жұмыстары жүргізілгенімен, ең үлкен кен орны тек Қазақстаннан табылып отыр. Сонымен қатар, бұған дейінгі жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы Қашағанда 8 млн тонна мұнай өндірілетіні болжанған еді. Алайда, былтырғы жылдың қыркүйегінде іске қосылған Қашаған кен орнынан алғашқы мұнай алына бастап, төтенше ақаулардың салдарынан кілт тоқтатылды. Сөйтіп, Қашағаннан мұнай өндіру біршама кедергілерге тап болғаны белгілі. Төтенше жағдайлар бірінен соң бірі орын алуының салдарынан жобаны игерудің 2014 жылға болжамы да қайта қаралды. Айталық, жыл басында Қашағандағы мұнай игеру көлемін ресми министрлікте 2 млн. тоннаны құрайды делініп, ал ондағы жұмыстың қайта жандануы шілдеге қарай деп межеленген болатын. Алайда, қазіргі жағдайға сүйенсек, мұнай кен орнының қашан қалыпқа келетіні тұрмақ, ондағы ақаулардың басты себептері де әлі анықталмағанға ұқсайды. Есесіне министр Ұзақбай Қарабалин бұған дейін де «әлемдегі ең қымбат жоба» атанған Қашаған кен орнының құны аспандай түсетінен тағы да алға тартады.

«Расында, Қашаған жобасы Қазақстанда зор резонанс туғызады. Оның қатысушылары Шелл, Тоталь, ЭксонМобил, Инпекс, ҚазМұнайГаз компаниялары екені белгілі. Сонымен қатар, өткен жылы КонокоФилипстің орнына қытайлық CNPC қосылған болатын. Бұл алып жоба қорының көлемі бойынша 2 млрд. тоннадан астам. Сонымен қатар, өзінің техника, технологиялық қиындықтары бойынша да бірегей екенін бірден атап өткім келеді. Әлемдік мұнай қоғамдастығында біздің Қашағанмен тек бразилиялық тереңдегі Тупи кен орнын салыстырады. Оның қоры бізге жақын. Мамандардың пікірі бойынша ол шамамен 200 млрд. доллар шығынды талап етеді. Ал кейбір бағалау бойынша шығыны одан да мол болады деп айтылады», - дейді министр Ұ. Қарабалин.

Ал қазіргі ахуалға келсек, министр ағымдағы сәуір айының соңына дейін, Қашаған құбырының теңіз бөлігіндегі 25 нүктесінде зерттеу жүргізілетінін алға тартады. Ұ.Қарабалиннің сөзіне қарағанда, өткен жылдың күзінде ғана алғашқы мұнайын бере бастаған Қашаған кен орнының құбыр инфрақұрылымында біраз проблемалар анықталыпты. Оларды жою мақсатында екі мыңнан астам дәнекерленген жік тексерілген. Алты мың метрден астам құбырға ультрадыбыстық диагностика жүргізілген. Соның нәтижесінде алынған мәліметтер мамандандырылған шетелдік зертханаларда анықталатын болады.

«Сәуір айында құбырдың теңіз бөлігіндегі 25 нүктесінде зерттеу жүргізіледі. Бұл мұз ерігеннен кейін қолға алынады», - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, кен орнында мұнай ойдағыдай мөлшерде өндірілетінін өткен жылдың күзінде жағдай көрсетіп отыр. Яғни, алаңдауға көп негіз болмауы керек те секілді. Оның үстіне ұңғымалардың қалыпты жұмыс істейтініне және тұтастай алғанда ауқымды кешеннің жұмыс істеп тұрғанына да көз жеткен. «Құбырлардағы ақаулар басқа жүйелерге әсер етпеуі тиіс деп ойлаймыз. Кен орнының қиын және қауіпті екенін ескере отырып, асығыстық жасау орынсыз деген пайымдамыз», - деп түсіндіреді министр Ұзақбай Қарабалин Қашаған төңірегіндегі ахуал жайына қатысты.

Сөйтіп, мұнай және газ саласының ресми тұлғалары Қашаған кен орнына барынша салмақты әрі сабырлы қарауды құптайды. Әлбетте, бұл да орынды мәселе. Ең бастысы көп күттірген Қашаған кен орнының қайырлы болғаны керек. Өйткені, жаһандық деңгейдегі жаңалықтарға жүгінсек, әлем бойынша мұнай мен газ бағасы әлі де шарықтауы мүмкін. Мұны мұнай министрі Ұ. Қарабалин де растай түседі.

«Әлемдік жетекші сараптама ұйымдарының соңғы болжамдары көмірсутекке деген сұраныстың тұрақты өсуінің ұзақ мерзімді бағыты болып бекітілгенін көрсетеді. «Жеңіл алынатын мұнай» ғасырының аяқталуы салдарынан мұнайға деген бағаның жоғары деңгейде ұзақ мезгіл сақталады деген пікірлер басым. Бұл жағдайларда мұнай-газ саласының рөлі өте маңызды болып қалады, бірақ бұл мәселе өлшеулі және прагматикалық болуы тиіс», - дейді министр Қарабалин.

Осы тұрғыдан алғанда, Қашағанның қашан және қалай игерілетіні Қазақстан үшін маңызды. Сондықтан да, «басы қатты басталған жобаның» аяғынан қайыр күтуге тура келеді.

Дегенмен, естен шығаруға болмайтын мәселе - мұнай Қазақстанның ұлттық экономикасында нәпақаның нақ көзі болып қалмауы керек. Бұл туралы Елбасы Н. Назарбаев та үнемі айтып келе жатыр. «Қазақстанға көмірсутек ресурстарын басқарудың тиім­ді жүйесі қажет. Шикізат қоры экономика өсімін қамтамасыз етуі тиіс, алайда ол мем­лекет кірісінің басты көзі болудан тыйылуы шарт. Бұл - Үкіметтің басты міндеті», деген болатын Елбасы былтырғы жылы Дамушы нарықтардың екінші Еуразиялық форумында.