Қашағаннан кен игеру жобасы қашан қосылады?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біраздан бері қаңтарылып қалған Қашаған жобасы 2016 жылға қарай іске қосылып, тиісті мұнайын бере бастайтынға ұқсайды. Дегенмен, бұл нақты айқындалған, қадасы қағылған мерзім емес. Бұған дейін төрт мәрте іске қосылуы кейін шегерілген, қосылып алып қайта қаңтарылған Қашағаннан Қазақстан шынында да көп үміт күткен еді. Ендігіде сол үмітті жобаның тағдыры, нақтырақ айтқанда кен орнынан мұнай айыру мерзімі әлі де дүдәмәл күйде қалып отыр. Осыған байланысты бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин брифинг өткізіп, кен орнының келешегі туралы тілшілерге түсінік беріп, біразырақ әңгіме еткен еді.
Дүниежүзінде соңғы 40 жылда, нақтыласақ 1968 жылдан бері табылған ең үлкен кен орны болып есептелетін Қашаған былтырғы жылдың қыркүйегінде іске қосылып, алайда аяқ астынан туындаған төтенше ақаулардың салдарынан кілт тоқтатылған еді. Сөйтіп, екі апта ғана мұнай берген Қашағаннан өнім өндіру біршама кедергілерге тап болғаны белгілі. Қазіргі жағдайларға сүйенсек, мұнай кен орнының қашан қалыпқа келетіні тұрмақ, ондағы ақаулардың басты себептері әлі де толық анықталмағанға ұқсайды. Есесіне министр Ұзақбай Қарабалин бұған дейін де «әлемдегі ең қымбат жоба» атанған Қашаған кен орнының құны тағы да аспандай түсетінен алға тартады.
Жалпы Қашаған мұнайына келсек, бұл жайында министр былай дейді: «Бүгінгі күні Қашағанға байланысты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының сценарийі мен өнім өндіруді қалпына келтірудің бірқатар болжамы жасалып отыр. Жалпы бізде екі нұсқа бар. Оның ішінде оптимистік бағыт бойынша кен орнындағы мұнай игеру 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына тура келеді. Ал екінші нұсқаға, газқұбырының толық құрылысын аяқтауды есепке ала отырып жүгінсек, игеру кезеңі 2016 жылдың екінші жартысына дөп келуі мүмкін. Дегенмен, бұл нақты дата емес, мәліметтер алда жағдайға қарай өзгеруі мүмкін», - деді Ұзақбай Қарабалин. Сүйтіп, мұнай министрі 2016 жылдың не басы, не аяғына таман, әйтеуір сол жылдың ішінде Қашағаннан «қара алтын» айыруға болатынын айтады.
Тоқтала кететін жайт, Қашаған жобасының апатына негізінен газ және мұнай құбырларының қосылған тұсында жарықшақ кеткені анықталған еді. Қазақстанның ресми министрлігі бұны негізінен мердігерлер жұмысындағы дәнекерлеу технологиясының дұрыс таңдалмауынан немесе оны орындаушылардың технологияны дұрыс атқара алмағандығынан болуы ықтимал деп есептейді. Дегенмен, жобаға қатысатын тараптардың баршасын бас изететіндей себептер әлі нақтыланбағанға ұқсайды. «Қашаған жобасының құбырында жұмысты тоқтатуға қатысты мәселеге келсек, бұнымен мұқият айналысып жүрміз. Жалпы, бізде оның шығу себебін түсінуіміз басқаша болса, мердігерлеріміз бізге басқа себептерді алға тартып отыр. Соған қатысты құбырларға пайдаланылған материалдар, дәнекерлеу технологиялары бойынша өз тарапымыздан тексерулерді жалғастыратын боламыз. Соның ішінде дәнекерлеу технологиясына қатысты мердігерлерге қоятын шағымымыз да баршылық. Ал құбыр материалдарын мердігерлер оны жеткізушілермен өздері қайтадан тексеріп жатыр», - дейді министр.
Айта кетерлігі, Қашағандағы мердігер компаниялардың құбырдың ішкі жағына жасаған диагностикасы мұнай және газ құбырын толығымен ауыстыруды қажет ететіндігін анықтапты. Ал аталған екі құбырды бірдей ауыстыру үшін қосымша 200 шақырымдық құбырлар сатып алынатын болады. Оны төсеу, бірімен қайта дәнекерлеп жалғастыру жұмыстары да оңай болмайтындығы анық. Сондықтан да ондай жұмыстарға кететін шығынды мердігерлер өз мойнымен көтеретін секілді.
«Келісім бойынша Қашаған кен орнының іске қосылмағандығы үшін әрбір тоқсан сайын компаниялар 30 млн. доллар Қазақстан Үкіметіне төлеп тұрады. Бұл айыппұл сол қалпында қала береді. Оның үстіне қайта жөндеу, қалпына келтіру, құбырларды қайта салу секілді жұмыстардың бәрі Қазақстанның, оның ішінде Қашағаннан келешекте алынатын мұнайының бағасымен өтелмейді, керісінше, мердігерлердің мойнына түседі», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Ал Қашаған жобасының қымбаттауы туралы әңгімеге келсек, мұны министр қалыпты жағдай секілді түсіндіреді. Оның айтуынша, жобаның қымбаттауы - бұл бірінші жыл орын алып отырған мәселе емес. «Жалпы, қымбаттау туралы айтатын болсақ, егер біз 1999 жылдары келісімшарт жасалғанда ондағы жұмыс барысы да, жасалған жоспар да сол жылдардың жағдайымен, бағасымен есептелген, қазір жыл сайын қымбаттау орын алып жатыр. Сондықтан да, Қашаған жобасының қымбаттауы осымен байланысты», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні мердігерлер Қашаған жобасын басқару жүйесінде қайта құру жұмыстарын қолға ала бастапты. «Өйткені мердігерлердің өзі қолданыстағы жүйенің жеткілікті түрде тиімді болмағанын, оның бірқатар бағыттары қымбатқа соғатынын мойындаған. Сондықтан да, бүгінгі таңда жобаның көптеген шығындарын қысқарту бағытында түбегейлі жұмыстар қолға алынып отыр», дейді министр Қарабалин.
Қазақстанда биылғы мұнай өнімі былтырғыдан кем болмайды
Мұнай және газ министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда өткен 6 ай ішінде 36,7 млн. тонна мұнай өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,4 пайызды құрап отыр. Соның ішінде елдегі «қара алтынның» негізгі құлағын Қазақстандағы мұнай өндіретін ірі компаниялар «ТШО» (ТеңізШевройл), «КПО» (Қарашығанақ Петролейум Оперейтинг), «МаңғыстауМұнайгаз», «ӨзенМұнайгаз» компаниялары ұстап отыр екен. Осы компаниялар жиынтық еншісінде республикада өндірілетін жалпы мұнай өнімінің шамамен 63 пайызынан асады. Ал жартыжылдықтың қорытындылары бойынша «МаңғыстауМұнайгаз» былтырға қарағанда мұнай өндіруді 104,2 пайызға, «ӨзенМұнайгаз» компаниясы 103,5 пайызға, «КПО» 107 пайызға, «ТШО» 95,8 пайызға орындаған. Бұл ретте министр «ТШО» өзінің зауытында жалпы уақыты 73 күнді құрайтын екі күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруды жоспарлағанын атап өтті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың алты айында елімізде 7,2 млн. тонна мұнай өнімдері өңделді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 100,5 пайызды құрайды. «Қазіргі таңда қазақстандық үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2016 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Нәтижесінде 2017-2022 жылдары Қазақстан толығымен Еуро-4, Еуро-5 стандарттарындағы бензинмен, дизельдік отынмен, авиакеросинмен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы біздің міндетіміз 2014 жылы мұнай өндіру көрсеткішін былтырғы рекордтық деңгейде сақтап қалу. Былтыр елімізде 81, 8 млн. тонна мұнай өндірілген еді», - деді министр Ұ. Қарабалин.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда газ өндірумен қатар, оны ішкі нарыққа тарату көрсеткіші де оң өріс ала бастаған. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында 21,1 млрд. текше метр газ өндірілді, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құрап отыр. Соның ішінде тауарлы құрғақ газ өндіру 14 млрд. текше метрді құраса, сұйытылған газ 1 млрд. 186 млн. тоннаға жетіпті. «Табиғи газға ішкі сұраныс айтарлықтай артты. Жарты жыл ішінде бұл 6,9 млрд. текше метрді құрады, бұл өткен жылғы кезеңге 120 пайызға дейін барады. Осының өзі өңірлерді газдандыру жөніндегі бағдарламаның табысты жүзеге асып жатқанын білдіреді. Газдандырудың бас жоспарына сәйкес, бұл жұмыс әлі де жалғасады», - деді министр.