Кашмирдегі су тасқыны мен көшкіннен 11 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның Кашмир өңірінде нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны мен жер көшкіні кемінде 11 адамның өмірін қиды. Тағы жеті адам із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Синьхуа.
Табиғи апат Сринагар қаласының оңтүстік-батысында орналасқан Пунч және Раджоури шекаралық аудандарында болды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, толассыз жауған жаңбырдан кейін ойпатты аумақтарды су басып, жүздеген тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілді.
– Өзендердің арнасынан тасуына байланысты ондаған көлікті су ағызып әкетті немесе су астында қалдырды. Соның салдарынан өңірдің инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келді, – деп хабарлады жергілікті билік.
Қазіргі уақытта құтқару қызметтері жоғалған адамдарды іздестіру және оқшауланып қалған тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар толассыз жауған жаңбыр мен зақымданған жолдарға байланысты күрделене түскен.
Синоптиктердің болжамынша, өңірде нөсер жауын 23 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Үндістанда муссондық жауын-шашын салдарынан 13 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.