«Қашу» түрікше сөйледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Түркия астанасы Анкара қаласында Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аясында Еуразия Жазушылар қауымдастығының штаб-пәтерінде қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаевтың түрік тіліне аударылған «Қашу» атты повесінің тұсаукесер рәсімі өтті.

 «Қашу» түрікше сөйледі

Аталған іс-шараға Қазақстан­ның Түркиядағы Елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаев, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш калемлер» журналы бас редакторының орынбасары Осман Чевиксой, әдебиеттанушы-ғалым Жәмиля Кынаджы, аудармашы Ариф Ажалоғлы, түріктің белгілі қаламгерлері Аталай Яғмур, Назми Шимшек, Танжу Кара, Алпер Шенадам және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Я.Омароғлы Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың қарқынды дамып отырғандығын жеткізді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына арқау болған руханият пен мәдениеттің жаңару мәселесінің өте орынды көтерілгендігін, мақаладағы ұсыныстардың тек Қазақ­станға ғана емес, түркітілдес елдерге де қажетті екендігін айтты. Соның бір дәлелі ретінде тұсауы кесілген «Қашу» атты повесінің жарық көруі деп көрсетті. Сонымен қатар Я.Омароғлы «Қашу» атты кітаптың романның жүгін көтеретіндігін жеткізіп, кітапты қазақ романдары сериясымен басып шығарғандығын ­хабардар етті.

Жазушы О.Чевиксой Р.Сейсенбаев­тың шығармаларынан қазақ даласының иісі аңқитындығын жеткізсе, қаламгерлер А.Яғмур мен Н.Шимшек көрнекті жазушыны құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Кітапты түрік тіліне аударған - филология ғылымының докторы, аудармашы А.Ажалоғлы.

Дереккөз: «Ана тілі» газеті (авторы - Бағдагүл Балаубаева)