Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қашықтықтан білім алуға үрке қараудың еш себебі жоқ - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашықтықтан білім алу жүйесінде оқып жатқан немесе болашақта оқуды жоспарлап отырған қазақстандықтар жұмыссыз қаламыз деп қорықпауы тиіс, деп есептейді сарапшылар. Осыған қатысты күдікті олар «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында сейілтті.

Қашықтықтан білім алуға үрке қараудың еш себебі жоқ - сарапшы

Қазақстанда қашықтықтан білім берудің тарихы 1998 жылдан бастау алады. Осы жаңашылдықтың ең алғашқы енгізушілерінің бірі - Қазақстан-Ресей университеті болды. Астанадағы «Синергия» университеті филиалының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіғали Жандығұлов оқытудың аталмыш жаңа түрін енгізудің жасақтаушыларының қатарында болған кісі.

«Көптеген жоғары оқу орындары бұл іске оң қабақ танытпады, бірақ кейін олар оқу материалдарын өзімізден сұрайтын болды. Кезінде Қазақстан-Ресей университеті енгізген қашықтықтан оқыту әдісі қазір еліміздің барлық жоғары оқу орындарында енгізіле бастады. ҚРУ базасында 2000-2005 жылдар аралығында қашықтықтан оқыту жүйесін енгізу бойынша эксперимент болды. Осы кезде регламенттеуші құжаттардың көп бөлігі жасақталды және апробациядан өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобындағы сарапшылар, оның ішінде мен де бармын, қашықтықтан оқыту жүйесінің мемлекеттік стандарттарын жасақтадық», - деп атап өтті Әбдіғали Жандығұлов «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Профессордың ойынша, интернет арқылы қашықтықтан білім алу - заман талабы.

«Біз оны қалаймыз ба, жоқ па бәрібір ол біздің өмірімізге ертелі-кеш енеді. Қазір барлық танымал жоғары оқу орындары қашықтықтан білім беруді қолға алған. Біз қашықтықтан білім алуды сапалы құруға шынымен қыруар ақша бөлген жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатамыз. Олар оқу құралдарын дайындау үшін танымал адамдарды тартады. Олардың жасаған жүйесі заманға сай, өзекті білім бере алады. Студент жоғары оқу орнының бірінші курсына түседі, төрт жыл бойы оқып шыққан кезде, математика мен негізгі ғылымдардан өзге алған білімі ескіріп қалуы мүмкін. Ақпаратты іздеп, пайдалана білу шарт. Осыны қашықтықтан оқыту жүйесі бере алады», - дейді Әбдіғали Жандығұлов.

Өз кезегінде UX Group компаниясының бас директоры, «Ontustik» (Шымкент) бизнес-мектебінің бизнес-тренері Азиз Есжанов, білім сапасына қашықтықтан оқыту еш әсер етпейді. Адам бойында тек мотивация, оқуға қажетті материалдардың жеткілікті көлемі мен бақылау мықты болса болғаны. Осы үш критерии тоғысқан кезде, студент көп нәтижеге қол жеткізе алады.

«Қашықтықтан білім алудың өз басымдықтары бар. Уақытқа еш салмақ салмайды, қазіргі заманғы білімге қол жеткізу жеңіл және өз-өзін ұйымдастыру арқылы студенттердің шығармашылық, зияткерлік әлеуеті ашыла түседі. Мұның кемшін тұстары да бар, студенттерді бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейді, тәжірибелік сабақтардың жеткіліксіздігі, оның үстіне азаматтарымыздың барлығы бірдей интернетке шыға алмайды», - дейді ол.

Дегенмен екі сарапшы да кез келген кәсіпті қашықтықтан меңгеріп алуға болатынын жоққа шығармайды. Әсіресе, заң, экономика, менеджмент, тарих, психология және өзге де гуманитарлық мамандықтар жеңіл игеріледі.
null 

«Техникалық мамандықтардан мен информатиканы айтар едім. Қазір біз өздігімен интернет арқылы оқып үйренген IT-мамандарды кезіктіріп жүрміз, олардың білімі жоғары оқу орындарында оқыған әріптестерінен асып түспесе, кем емес», - дейді Азиз Есжанов.

«Мен медициналық мамандарды қашықтықтан оықтуға болмайды деген адамдармен дауласуға дайынмын», - дейді өз кезегінде Әбдіғали Жандығұлов.

«Қазір отаның өзін қашықтықтан жасайды. Оны роботтар атқарып та жатыр. Барлық мамандықтарға қашықтықтан оқуға болады, тіпті қажет деп айтар едім. Мысалға МАЭС өндірісін алайық. Онда барлығы автоматтандырылған жүйеге қарайды. Жабдықтар компьютермен басқарылады. Онда қолмен басқарудың еш қажеттігі жоқ. Бағдарламаны білсең болғаны. Техникалардың тілі өзгере бастады. Өзге тілде сөйлесудің қажеттілігі туды. Ол бағдарламалық тіл. 10-15 жылдан соң, ол ертелі-кеш қажеттілікке айналады».

Алайда, сарапшылар қашықтықтан білім алған мамандарды жұмысқа қабылдаудан қорқатын жұмыс берушілер барын жасырмайды.

«Бірақ дипломды көзге де ілмейтін мен сияқты жұмыс берушілер жетерлік. Бизнес саласында көп жылдар бойы болғандықтан, адамдарды оңай танитын болыппын. Компанияға адам таңдау барысында, ең бірінші жеке қасиеттері мен қабілеттеріне, оның ойлау машығына, тез үйренгіштігіне көңіл аударамын. Содан кейін ғана әріптестеріммен бірге ол адамның өз саласындағы білімін бағалаймыз. Осындай қызметкерлер әдетте жоғары нәтижелер көрсетеді»,- деп атап өтті Азиз Есжанов.

«Қашықтықтан білім берудің дипломы күндізгі немесе сырттай білім беру дипломынан еш ерекшелігі жоқ. Онда қашықтықтан білім алды деп жазылмайды. Оның үстіне көптеген басшылардың өздері уақыттың тығыз болуына байланысты қашықтықтан білім алуды жөн көреді. Сондықтан олар қандай түлекті жұмысқа қабылдап жатқандығын біледі», - дейді Жандығұлов.

Оның ақпараты бойынша, Астанадағы «Синергия» Университетінің филиалынан түлеп ұшқан мамандардың 80 пайызы жұмыспен қамтылған.


Олардың сөздерінше, Қазақстандағы қашықтықтан оқыту жүйесін үлкен болашақ күтіп тұр. Бүгінде қашықтықтан оқыту әдісі барша әлемде мойындалған және жақында ғана технологиялық базасын қалыптастырды.


«Қазіргі уақытта қашықтықтан оқыту ғана емес, қашықтықтан жұмыс істеу үлкен танымалдылыққа ие болуда. Мұндай мүмкіндікті өзінің қызметкерлеріне берген осындай жұмыс берушілердің бірі Тинькофф банк екенін атап өткен жөн. Онда кез келген Ресей азаматы олардың сайттарында тіркеліп, өзіне ыңғайлы уақытында оператор ретінде қызмет етіп, соған банк картасы арқылы жалақы ала алады. Бұл керемет емес пе! Адам еркін болады, балаларына, отбасына уақыты жетеді»,- дейді Азиз Есжанов.

Әбдіғали Жандығұловтың айтуынша, Қазақстанда қашықтықтан оқыту жүйесіне қатысты заңнама қабылданған және түзетуді талап етпейді.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, елімізде қашықтықтан білім беру мүмкіндіктері 42 жоғары оқу орнында жасалған.