Қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Үш күнге созылатын ұлық мейрам – тек діни рәсім ғана емес, қайырымдылық пен жанашырлықты, мейірімділік пен бауырмалдықты дәріптейтін ерекше мәнге ие.
Құрбан айт күндері жағдайы жеткен мұсылмандар құрбандық шалып, оның етін мұқтаж жандарға, ағайын-туыс пен көрші-қолаңға таратады. Исламда жоқ-жітікке көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру сауапты амалдардың бірі саналады. Сондықтан бұл мереке қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара қамқорлықты күшейтетін рухани институт ретінде бағаланады.
Исламда қасиетті күндер Қамари жыл санауына сәйкес анықталады. Қамари ай жаңа айдың көрінуімен басталып, 29 немесе 30 күнге жалғасады. Ал Зұлхижжа айының алғашқы он күні – мұсылмандар үшін ең сауапты кезеңдердің бірі. Хадистерде осы күндері жасалған ізгі амалдардың сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу міндеттелген. Қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырылған.
Құрбан шалудың тарихы қандай?
Құрбандық шалу – адамзат тарихымен бірге келе жатқан ежелгі құлшылық түрлерінің бірі. Бұл туралы қасиетті Құран аяттары мен хадистерде кеңінен баяндалады. Ислам деректеріне сүйенсек, алғашқы құрбандық Адам ата ұлдары Абыл мен Қабылдың оқиғасымен байланысты.
Құранда айтылғандай, екі бауыр Аллаға құрбандық ұсынған кезде Абылдың ықыласпен берген құрбандығы қабыл болып, Қабылдікі қабыл етілмейді. Осыдан кейін олардың арасында үлкен дау туындайды. Бұл оқиға адам баласына шынайы құлшылықтың, тақуалық пен адал ниеттің маңызын көрсетеді.
Құрбандық шалудың негізгі тарихы Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмаилдың қиссасымен тығыз байланысты. Ислам сенімі бойынша, Ибраһим пайғамбар түсінде ұлын құрбандыққа шалу жөнінде аян көреді. Бұл – Алланың сынағы еді. Әкесі мен баласы Жаратушының әміріне толық мойынсұнып, сынақты қабыл алады. Алайда Алла Тағала Исмаилдың орнына көктен қошқар түсіріп, оны құрбандыққа шалуды бұйырады.
Осы оқиғадан кейін құрбандық шалу мұсылмандар үшін ұлық ғибадатқа айналып, Құрбан айт мерекесінің негізі қаланды. Бүгінде бұл мейрам мұсылман жұртшылығын мейірімге, жанашырлыққа және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үндейтін қасиетті күн ретінде атап өтіледі.
Құрбандыққа қатысты үкімдер
Ханафи мәзһабында құрбан шалу – уәжіп амал, яғни парыз бен сүннеттің арасындағы маңызды міндеттердің бірі. Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты мұсылманға міндеттеледі.
Шариғат бойынша құрбандық дұрыс болуы үшін бірнеше шарт сақталуы қажет:
- құрбандық малы сау әрі мінсіз болуы;
- айт күндері шалынуы тиіс;
- Алла разылығы үшін ниет етілуі.
Исламда құрбандық етін толықтай тарату міндет емес. Адам өз отбасымен бірге пайдалануына да болады. Дегенмен мұқтаж жандарға үлестіру – мұстахаб амал саналады.
Сондай-ақ шариғатта құрбандықтың етін, терісін немесе ішкі мүшелерін сатып, одан пайда табуға рұқсат етілмейді. Қасапшыға да құрбандық еті ақы ретінде берілмеуі керек.
Діни басқарма мамандарының айтуынша, құрбандықтың басты мақсаты – мал сою емес, адамның тақуалығы мен ниеті.
Құрбандыққа қандай мал шалынады?
Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара және түйе шалынады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынса, түйе мен ірі қараға жеті адамға дейін ортақтасуға болады.
Құрбандық малына ерекше талап қойылады. Малдың:
- сау болуы;
- тым арық болмауы;
- ақсақ немесе ауыр жарақаты болмауы қажет.
Пайғамбарымыз: «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: ауруы анық, ақсақтығы мәлім, тым арық және көзі көрмейтін малдар», – деген.
Сонымен бірге малдың жасы да маңызды. Қой мен ешкі бір жасқа, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы тиіс. Дегенмен алты айлық ірі әрі семіз қойды құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі.
Исламда құрбандыққа ең жақсы малды таңдау – Жаратушыға деген құрметтің белгісі. Өйткені Құранда Аллаға малдың қаны да, еті де емес, адамның тақуалығы жететіні айтылған.
Бас мүфти кәсіпкерлерді мал бағасын көтермеуге шақырды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды сақтау маңызды екенін айтты.
Оның сөзінше, қазақ халқы Құрбан айтты ежелден ерекше дайындықпен қарсы алған. Құрбандыққа малдың ең жақсысын шалып, мұқтаж жандарға тарату, үлкендердің батасын алу, ренжіскен адамдармен татуласу – халқымыздың дәстүрінде қалыптасқан ізгі амалдар.
— Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда кәсіпкерлерді мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеруге шақырамын, — деді Бас мүфти.
Бұл үндеу бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Себебі соңғы жылдары мереке қарсаңында мал бағасының қымбаттауы әлеуметтік мәселеге айналып келеді. Сарапшылардың пікірінше, Құрбан айттың негізгі философиясы – сауап пен жанашырлық болғандықтан, бағаны негізсіз өсіру мерекенің рухани мәніне қайшы келеді.
Бүгінде Құрбан айт – мұсылман жұртшылығын жақсылыққа, сабыр мен мейірімге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, қайырымдылық жасап, қоғамдағы татулық пен ынтымақты нығайтуға күш салады.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты.