Қасиетті Мұхаррам айы басталды

Мұсылманша күнтізбедегі алғашқы ай болып саналатын мұхаррам айы соғыс пен жауласуға тыйым салынған төрт айдың бірі болып табылады. Мұхаррам айының мәні мен маңызы қасиетті Құран мен хадистерде айтылған. Сол себепті, әр мұсылман бұл айда Жаратқан иеге барынша жақындап, разылығын алу үшін көп құлшылық етуі тиіс. Имам Ғазали «Ихья» деп аталатын еңбегінде мұхаррам айын ғибадатпен өткізген адамның жыл бойы берекеге кенелетінін жазып кеткен.
Мүслимнен жеткен сахих хадисте былай айтылған: «Рамазаннан кейін ең құнды ораза мухаррам айында тұтылған ораза болып табылады». Табараниден жеткен өзге хадисте: «Мұхаррам айында бір күн ораза ұстаған жан 30 күн ораза тұтқандай сауап алады» деп айтылған. Ал, тағы бір хадисте мұхаррам айының бейсенбі, жұма және жексенбі күндері ораза ұстаған адамның дәрежесі көтеріліп, мол сауапқа кенелетіні сөз болған. Бұл туралы muslim.kz хабарлады.