Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Джорджа Мелониді қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді қарсы алды.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.

Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.
Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді елорда әуежайынан күтіп алды. Мемлекет басшылары әуежайында аз-кем әңгімелесті.
Сондай-ақ кеше елордада «Италия — Қазақстан» іскерлік форумы өтіп, екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды.
Ал бүгін түстен кейін Мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірінші «Орталық Азия – Италия» саммиті өтеді.