Қасым-Жомарт Тоқаев: Астана — егемен еліміздің жүрегі
АСТАНА. KAZINFORM — Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауын жариялады.
Президенттің сөзінше, елорда — Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары.
— Құрметті отандастар! Астана күні құтты болсын! Астана — егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз — Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады. Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды. Сонымен бірге елордамызда саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынды. Осының бәрі Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жасалып жатыр, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енгенін алға тартты.
— Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады. Елордамыздың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның мемлекет дамуындағы айрықша мән-маңызын айқындай түсті. Бас шаһардың халықаралық абырой-беделі де нығайып келеді. Аймақтық және жаһандық саясаттың аса өзекті мәселелеріне қатысты шешімдердің Астанада қабылдануы — соның айқын дәлелі. Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс. Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін. Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін! — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Осыдан бұрын Kazinform тілшісі Астананың ел экономикасындағы салмағы қандай екенін зерделеп көрді.