Қасым-Жомарт Тоқаев: Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында биылғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін атап өтті.

форумы
Фото: Ақорда

Cонымен қатар бүгінде Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсіп жатқанын айтты.

- Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар. Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Президентнағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек екенін айтты. Cонымен қатар Конституцияға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

- Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек. Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар. Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз. Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз, - деді Президент.

Айта кетейік, 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар