Қасым-Жомарт Тоқаев CNNC компаниясының бас директорын қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнді қабылдады, - деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев CNNC компаниясының бас директорын қабылдады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шэнь Яньфэнді Қытай атом өнеркәсібіне 70 жыл толуымен құттықтап, бұл мерейлі меже аталған саладағы диалогты одан әрі нығайтуға жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Төраға Си Цзиньпинмен жүргізген келіссөз барысында атом индустриясындағы ынтымақтастыққа айрықша мән беріліп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

Президент тәжірибесі мол әрі технологиясы озық CNNC компаниясымен бірлескен жобалар, соның ішінде еліміздегі екінші атом электр стансасының құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Президент бұған дейін Ни Чжэнмен электр қуатын өндіру, энергетикаға қатысты мәселені талқылады.

 

Соңғы жаңалықтар