Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдеріне цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика инфрақұрылымын цифрландыру жаһандық сауда байланыстарындағы маңызды рөлді сақтауға ықпал етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты.
Президенттің айтуынша, Еуразияның көлік желісі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың негізгі нарығын байланыстыратын халықаралық бағыттардың жоғары технологиялық жүйесі саналады. Әңгіме жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын тармақталған транзиттік дәліздер желісі туралы болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
– Жаһандық сауда-экономикалық байланыстар жүйесіндегі маңызды рөлді сақтап қалу үшін баршамызға трансшекаралық инфрақұрылымды цифрландыруды одан әрі дамыту қажет болады. Икемді логистикалық шешімдер, тұрақты жеткізілімдер және жүктердің жылдам өтуі Еуразиялық экономикалық одақтағы транзиттік ағындар көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылдың соңынан бастап біз «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Smart Cargo құралын жүйелі түрде енгізіп келеміз. Бұл платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Тәуелсіздік сарайында өткен отырыста.
Сонымен бірге, Қазақстанда көршілес елдермен электронды рұқсат бланкілерімен алмасу тетігі енгізілді.
– Одақ аясындағы ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы – уақыт талабы. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның ұлттық сервистердің цифрлық витринасын құру жөніндегі жұмысы аса өзекті. Менің ойымша, біз бұл процестерді жеделдетіп, Одақта цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды қамтамасыз етуіміз қажет. Осы бағыттағы күш-жігерді біріктіру Еуразияның жоғары технологиялық көлік хабтарын құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды. Бұл жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян келді.
Биыл Қазақстан Республикасы ЕАЭО органдарына төрағалық етіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 31 желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын айқындады.
Олар – жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы ретінде дамыту, ЕАЭО логистикалық кеңістігінің әлеуетін пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді қысқарту және үшінші елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.