Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды, сондай-ақ еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды
Фото: Ақорда

Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды.

Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.

– Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Қазақстандағы саяси жаңғыру бағдарламасына дәйекті түрде қолдау көрсеткені және еуропалық тараптың басқару, инновация мен орнықты экономикалық даму салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісуге әзірлігі үшін ЕО жетекшілеріне алғыс айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық серіктестікті нығайтудың нақты тетігіне айналған «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» диалог платформасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.