Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретіндегі мызғымас басымдығын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Тоқаев
Фото: Ақорда

– Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын, жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенетінін баса айтты.

– Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын, бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілетінін атап өтті. 

– Баршаңызға құтты болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын!, - деп түйіндеді сөзін Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. 

Дегенмен ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мектептен тыс жерде оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты еместігін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар