Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді дамыту тетіктерін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытайдың екіжақты саудасы жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті

орта дәліз
Фото: Kazinform / Canva

Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұрғанын айтты. Тағы бір стратегиялық бағыт — көлік және логистика. Қазақстан — Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір.

— Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз. «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни, бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту — ынтымақтастық аясындағы басымдықтардың бірі.

— Ортақ міндетіміз — осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз. Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 1 қыркүйек күні ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында бірқатар құжатқа қол қойылды