Қазақстан мен Эстония бизнес форумда 517 млн долларлық келісімдерге қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис Қазақстан-Эстония бизнес форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Эстонияның іскерлік топ өкілдері қатысып жатқан бизнес-форум сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы және білім беру салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттарына тоқталды.

Сондай-ақ елімізде эстониялық бизнестің кеңеюіне жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін растады.
Жиында Эстония Президенті Алар Карис те сөз сөйледі.

Бизнес-форум аясында екі ел компаниялары жалпы құны 517 миллион доллардан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойды.
Бұдан бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристы қарсы алғанын жазған едік.
Кейіннен Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді.
Президент Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Өз кезегінде Эстония Президенті Қазақстан білім беру саласында айтарлықтай алға жылжығанын айтты.
Сонымен қатар Қазақстан студенттері Эстония университеттерінен тағылымдамадан өтетіні белгілі болды.