Қазақстандық арнайы жасақтың сербиялық сарбаздарды жаттықтырғанын қалаймыз — Вучич
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.
– Қазақстанның келешегі жарқын. Сербияның сіздерден үйренері көп. Сізді және Қазақстан халқын үлгі тұтатынымды айтудан еш ұялмаймын. Елдеріміз арасындағы шынайы достық келешектегі қарым-қатынасымызға негіз болады. Біз бұл байланыстарды экономика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жасанды интеллект, роботты техника және білім беру секілді салаларда дамыта аламыз, – деді Александр Вучич.
Сербия Президенті қазақ және серб командалары қатысқан UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысын асқан қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Осы орайда ол Мемлекет басшысынан арнайы бөлімшелер қызметкерлерін даярлау ісіне қолғабыс етуді сұрады.
– Бұл бағытта Қазақстанның әлемде үздік екені сөзсіз. Мен мұны Сербия азаматтары білгенін қалаймын. Біздің құрама кейбір жарыс түрлері бойынша жақсы өнер көрсетті. Ал қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сүрінген жоқ. Мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Арнайы жасақ қызметкерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттықтырса дұрыс болар еді. Сіздерді қауіпсіздік саласындағы керемет жетістіктеріңізбен тағы да құттықтаймын, – деді Александр Вучич.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичті Ақордада қарсы алған еді.