Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға уағдаласты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға уағдаласты
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға уағдаласты. Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

“Бүгін қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы күн деуге толық негіз бар. Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан ары дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы бір-бірімізге әрқашан тілеулес екендігімізді таныттық”, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән берілгенін атап өтті.

“Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, КІА, LOTTE, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр”, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар