Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті
АСТАНА. KAZINFORM - COP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен, Молдова Президенті Майя Сандумен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, аз-кем әңгімелесті, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесулер барысында әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, жаһандық климаттың күн тәртібі, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді.