Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
Фото: Ақорда

Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты.

— Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы — І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.

— Бұл — мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін, — деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.

Бұған дейін Вьетнам премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат беріп, Қазақстан-Вьетнам қарым-қатынасының жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Сондай-ақ, кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрген болатын.

Президент Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысын қарсы алды.

Соңғы жаңалықтар