Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда Қожа Ахмет Яссауи атындағы мектептің ашылуына рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Түркияда Қожа Ахмет Яссауи атындағы мектептің ашылуына рұқсат берді.
- Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен бауырлас түрік халқына қолдау мен жанашырлықтың белгісі ретінде Түркия Республикасы Газиантеп провинциясы Нурдагы қаласындағы мектептің салтанатты ашылуына рұқсат етіңіздер, - деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.- Рұқсат, - деді Қазақстан Президенті.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияда қуатты жер сілкінісі болды.
Зілзаладан Газиантеп провинциясы қатты зардап шекті. 2024 жылғы 19 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылығымен Нурдагы қаласында мектептің іргетасын қалау рәсімі өтті. Мектеп 960 орынға арналған. Оның ішінде бастауыш мектептің 32 сыныбы, 4 мектепке дейінгі сынып бар.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, медицина және инвестициялық байланыс күшейіп келеді.