Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрғын алаптардағы атаусыз көшелерді реттеуді тапсырды
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Жаңа тұрғын алаптарындағы көшелердің атаусыз болуы түрлі қызметтердің жұмысын қиындатып жатыр. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдерге осы мәселені реттеуді тапсырды.

- Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мекенжай атауларын өзгертуде жершілдік пен тамыр-таныстыққа жол жоқ екенін ескертті.
- Менің бастамаммен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталды. Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды.
Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар.
Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет, - деді Президент.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.