Ғылымға тартылған жеке инвестиция 20 млрд теңгеден асты – Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ғылымға тартылған жеке инвестициялар көлемі 20 млрд теңгеден асты. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ведомствоның биылғы атқарған жұмысы туралы деректерінен мәлім болды.

министр
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

 - Біз үшін ең басты құндылық – ғылым саласындағы адам. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 576 жас ғалымға тұрғын үй кілттері табысталды. Білім беру гранттары кеңейіп, олардың саны 93 мыңға жетті. Шәкіртақылар өсіп, жаңа студенттік жатақханалар салынып жатыр. Мұның бәрі – ғылым мен білімге жасалған жүйелі әрі нақты қолдау, - делінген министрдің хабарламасында.

Сондай-ақ онда студенттердің биылғы жетістіктері туралы баяндалады.

- Біздің студенттер - ерекше мақтанышымыз. 2025 жылы қазақстандық құрама халықаралық универсиадада 23 медаль жеңіп алды. Олардың ізденісі, идеясы мен жігері – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың ең сенімді айғағы, - дейді министр.

Саясат Нұрбек 2025 жыл Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесі үшін мазмұнды да нәтижелі болғанын айтты. Қазіргі таңда 267 ғылыми жоба іске асыру кезеңінде тұр. Ғылым мен экономиканың арасы бұрынғыдан да жақындай түсті. Жаңа R&D орталықтары ашылып, металлургия мен энергетикадан бастап, жаңа материалдар мен болашақ технологияларға дейінгі қолданбалы әзірлемелер жүзеге асырылып жатыр. Бірқатар ғылыми шешімдердің әлеуеті бүгінде ондаған миллиард доллармен бағалануы - қазақстандық ғылымның мүмкіндігі мен жоғарғы дәрежесінің көрсеткіші. Бұл жыл қазақстандық ғылым бәсекеге қабілетті екенін, ал университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ел дамуының зияткерлік тірегіне айналғанын дәлелдеді.

- QS World University Rankings 2026 рейтингінде еліміздің 20 жоғары оқу орнының болуы соның бір дәлелі. Назарбаев Университетінің алғаш рет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енуі – бүкіл жоғары білім жүйесі үшін маңызды межe. Халықаралық әріптестік те кеңейді: 2025 жылы жетекші шетелдік университеттердің 9 филиалы ашылып, бүгінде Қазақстанда 40 стратегиялық серіктестік жұмыс істеп тұр. Алда – 2026 жыл. Бізді жаңа міндеттер, жоғары талаптар мен үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Біз әрбір азаматқа мүмкіндік беретін, ашық, әділетті әрі заманауи ғылым мен білім жүйесін қалыптастыруды жалғастырамыз. Бұл – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция,-деді министр.

Осыған дейін министр шетелдік студенттердің Қазақстанға 30 млрд тг табыс әкелгені туралы айтқан еді.

 

 

Соңғы жаңалықтар