11:42, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Кәсіпкерлер бүгіннен бастап екінші деңгейлі банктерден несие ала алады ? Қ.Келімбетов
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кәсіпкерлер несие алу үшін бүгіннен бастап екінші деңгейлі банктерге өтініш жасай алады.
Бүгін Үкімет отырысында бұл туралы «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Шағын және орта бизнесті қолдау аясында «Самұрық Қазына» қоры ақпанның 16-сынан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына 120 млрд. теңге аударды. Өз кезегінде «Даму» қоры ақпанның 16-20-сы аралығында қаржының екінші деңгейлі банктерге аударылымын қамтамасыз етті. «Шағын және орта бизнес субъектілері бүгіннен бастап «Қазкоммерцбанкіне», «БТА банкіне», «Халық банкіне», «АТФ банкіне», «Центркредит банкіне», «Каспий банкіне», «Нұр банкке», «Еуразиялық банкке», «Цесна банкке», «Альянс банкке», «Астана Финанс банкіне» және «Жинақ банкіне» несие алу үшін өтініш жасай алады»,- деді отырыста Қ. Келімбетов. Басқарма төрағасы кәсіпкерлерге несиелер 7 жыл мерзімге жылдық үстемақысы 12,2 пайызбен берілетінін, қарыз алушы 780 млн. теңгеге дейін несие ала алатынын еске салды.