Кәсіпкерлер қылтың-сылтыңды қойып, нақты жұмысқа көшуі қажет

АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шаруасын дөңгелетіп отырған еліміздің бетке ұстар кәсіпкерлерін арнайы жинап, олардың алдына нақты тапсырмалар қоюмен қатар бірқатар ұсыныстарын да мығымдап, жетелеріне жеткізе айтып та берді.

Кәсіпкерлер қылтың-сылтыңды қойып, нақты жұмысқа көшуі қажет

Сондай-ақ елдегі бинестің тыныс-тіршілігіне, әсіресе даму бағытына көңілі толмайтындығын айқын білдірді.  Расында да қазіргі күнге дейін республикада шағын және орта бизнестің өсіп-өркендеуі үшін барынша жағдай жасалуда. Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бергі аралықта кәсіпкерлердің шығаратын жалпы өнімінің ел экономикасындағы үлесін барынша арттыру бағытындағы жұмыстар бір тыйылған емес. Соның арқасында 20 жылдың ішінде сала субъектілері 35 есеге ұлғайып, нақты айтқанда 675 мың бірлікке жетіп, 2 млн. 700 мың адамға тұрақты жұмыс орнын тауып беріп отыр. Бизнесті ширату үшін осыдан 2 жыл бұрын  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы да қабылданды. Алғашқы нәтижелер жаман емес.   Еліміздің екінші деңгейлі банктері жалпы құны 0,5 млрд. долларды құрайтын 1513 жоба бойынша несие ставкасын субсидиялауды мақұлдады. Кәсіпорындардағы 132 мың қосымша жұмыс орны сақталып, еңбекке қабілетті 35 мың азамат жаңа жұмыс орындарына ие болды. Тағы бір айта кетерлігі, осы бағдарламаның аясында  кәсіпкерлікті енді бастаған 16 мың адам бизнестің қыр-сырын үйрену мүмкіндігін иеленді. Тіпті аталған бағдарламаның арқасында шағын және орта бизнестің 300 басшысы және «Іскерлік байланыс» жобасы аясында 500 адам халықаралық университеттерде білім алды. 38 адам басқа мемлекетте, оның ішінде Германияда тағылымдамадан өтті. Елбасының арнайы ұсынысымен бизнестің дамуына тоқсауыл болар әкімшілік кедергілер де бірнеше мәрте қырқылды. Есте болса, рұқсат беру құжаттары осыменен екі мәрте қысқартылды. Таяу аралықта үшінші мәрте тағы бір азайтылмақ. Шұғыл арада қысқартылатын құжаттарды тиянақтаған Үкімет оны ел тарихындағы  алғашқы көппартиялы Парламентіміздің еншісіне беріп те үлгерді. Ендігі кезекті ылдым-жылдым жұмыс істеп, құжаттарды тыңғылықты даярлап, ағымдағы сессия аяқталғанша қабылдайды-ау деп халық қалаулыларына үміт артылуда. Бұл заң қабылданғаннан кейін шағын кәсіпкерлікті тіркелу кезінен бастап 3 жыл жоспарлы тексерулер болмайтын болады. Міне сондықтан да болар, Мемлекет басшысы бүгінгі жиын барысында елде кәсіпкерліктің өрістеуіне соншалықты көңілі тола бермейтіндігін ашық айтты. «Жыл сайын біз ірі компанияларға қазақстандық қамту турасында айтамыз. Айта кетерлігі бұл нарықтық термин емес. Индустрияландыру бағдарламасының салынып жатқан барлық кәсіпорындары өз төңірегінде бизнес қалыптастыруы керек. Сіздердің қыңқылдағандарыңыз жетеді, жұмыс істеуді бастау қажет. Әрі біздің сіздерге көрсеткен осындай көмектерімізді мемлекетке қайтаруға тиістісіздер», - деп баса айтты Н.Назарбаев.

Осы орайда Елбасы жиынға қатысушылардың назарын кәсіпкерлік әлеуетті арттыру әрі кәсіпорындағы корпоративтік басқару деңгейін көтеру үшін құзыреттілік орталығын құру қажеттігіне аударды. Ал оның негізін, яғни корпоративтік басқару үлгісін «Самұрық-Қазына» қорынан алуға да болатындығын айтып жөн сілтеді. «Осы өзгерістермен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен «Даму» қоры айналысуы керек. Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің басым бөлігінде бизнесті дамытудың қарапайым жоспары жоқ. Бүгінде іс жүзінде 90 пайыз компанияда тіпті маркетингтік сараптама да жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Алқалы жиыннан тағы бір түйгеніміз, «Атамекен» одағының айы оңынан туып, қолына бірқатар билік тиетін сияқты. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар. Осыдан бірнеше ай бұрын «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының алқалы жиыны барысында  ұйымға өңірдегі  кәсіпкерлерді міндетті түрде мүшелікке өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылып, оның мән-жайы жан-жақты пысықталған болатын. Дәл осы мәселені бүгін  аталған одақтың төрағасы Абылай Мырзахметов Елбасы алдында тағы бір мәрте көтерді. «Қазір кәсіпкерлік қауымдастығы заңды мүшелік институтын енгізу үшін кемеліне келді. Заңды мүшелік барлық кәсіпкерлерді, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Салық кеңесін, бухгалтерлік кеңес беретін, маркетингілік және заңгерлік көмек көрсететін қолдау институттары әрбір аудан орталығында пайда болады. Бұл моноқалалар мен шағын қалаларды дамыту үшін өте маңызды, - деді ол.  Өз кезегінде  ҚР Президенті бұл бастаманы құп ала келе: «Мен міндетті мүшеліктің болғандығын өте қолдаймын. Бұл барлық елдерде де бар. Алғаш рет Австрияда көрдік, онда барлық мәселелер бойынша үкіметпен әріптес болып табылатын палата бар. Сондықтан да міндетті мүшелік, бұл бір жағынан - дұрыс, ал екінші жағынан бизнесмендер не үшін мүше болатындығын, «Атамекен» оларды қалай қолдайтындығын білуі тиісті», - деді.

Екіншіден, Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін іскерлік ахуал тәуелсіз рейтингін енгізуді ұсынды. Ал оны қалыптастыру «Атамекен» одағы мен басқа да қоғамдық ұйымдарға жүктелетіндігін әрі оған Президент Әкімшілігінің де атсалысуы дұрыс болатындығын ескертті. Демек, орталық органның да, әкімдіктің де қызметін бағалауда «Атамекенге» басымдық беріледі деген сөз.  Үшіншіден, бәсекеге қабілеттілікті арттыру Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында барынша өзекті бола түсетіндігін атап өткен Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі еліміздің мемлекеттік реттеу мен кәсіпкерлік қызметтің барлық жүйесін кешенді жетілдіру қажеттігін сенімді түрде көрсетіп отыр. Олай болса мемлекет те өз жұмысын түбегейлі өзгертуі тиіс. Бірақ та мемлекет қызметін өзгерту қажет дегенде кеңестік ұстанымға жүгініп, жаңа органға ұмтылудың еш қажеті жоқ. Мәселен, кәсіпкерлікті қорғау бойынша мемлекеттік жеке орган құру мәселесі жиі көтерілгендігі шындық. Ал елімізде кәсіпкердің мұңын тыңдап, маңдайынан сипайтын ведомстволар жеткілікті. Сондықтан да Мемлекет басшысы осы ретте «Атамекенге» тағы да басымдық беріп отыр. «Атамекен» нәтижелі жұмыс істейтін болады. Әрі барлық бизнесмендерді біріктіреді әрі осы мәселелермен айналысатын Премьер-Министрдің  орынбасарымен тікелей байланысқа шығып, тиімді шешеді. Сондықтан да, сәл проблема туындаса кеңестік ұстаныммен жаңа орган, министрлік, ведомство құрудың қажеті жоқ. Егерде қажет болып жатса, Экономикалық даму және сауда министрлігі комитет құрсын немесе бизнесмендермен жұмыс істейтін арнайы орынбасар бекітсін», - деген еді ҚР Президенті.

Жиынды қорытындылап, кесімді сөзін айтқан Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес қоғамдастығымен және ұйымдарымен бірлесіп, тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде әрбір айтылған мәселені пысықтап, сол бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, оның есебін биылғы 1 қазанға дейін беру туралы тапсырма берді.