16:07, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Кәсіпкерлер Үкіметтен мораторийді ұзартуды сұрап отыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Ел кәсіпкерлері Үкіметтен тексеріске қойылған мораторийді тағы бір жылға созу туралы ұсыныс жасап отыр.

Бұл жайында тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының (ТКА) өкілдері бүгін Алматыда болған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Соңғы бір жыл уақыт ішінде бизнес көлемі 50-70 пайызға дейін төмендеген. Бұған айналымға салатын қаржының болмауы басты себеп. Қазіргі уақыттағы қалыптасқан ахуалға орай бизнес өкілдері несиелерін өтеуге қауқары болмай отыр. «Қазіргі күні бизнесмендердің 90 пайызының банктен алған несиелері бар. Ал дағдарысқа орай туындап отырған ахуал айтпаса да түсінікті. Сол себепті бірқатар
қиындықтар пайда болды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі қазіргі уақытта несиелерін қайтаруға қабілетті емес. Ал банкттер шарттарын өзгерткен жоқ, қойылатын талаптар бұрынғы күйінде қалып отыр», - дейді ТКА президенті Талғат Ақуов.
ТКА вице-президенті Серік Тұржановтың айтуынша, қаржы тапшылығына орай көптеген мәселелер туындауда. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдауға берілуі тиіс қаржыға қол жеткізе алмай отырмыз. Ал қолдау көрмегендіктен, компаниялар мемлекетке салықты, қызметкерлеріне жалақыны төлеуден қалады. Бұның кесірі компанияның жабылуына әкеп соғады. Сондықтан біз мемлекет тарапынан нақты қолдаулар күтеміз», - дейді С. Тұржанов.
Осыған орай, тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы бизнес-қоғамдастықтың атынан Үкіметтен тексеруге жарияланған мораторийді 2009 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін ұзартуды сұрайды. Сондай-ақ «инфляцияны ескере отырып несиелендірудің пайыздық ставкасын төмендету, мемлекеттік кепілдендіру жүйесін енгізу қажет», деп есептейді бизнес өкілдері. Бұған қоса кәсіпкерлер жұмыс орындарын сақтау мақсатында 2 жылға салық төлемдерін тоқтата тұруды өтініш етеді.