Кәсіпкерлердің құқықтарын қамтамасыз етуді Бас прокуратура ерекше бақылауға алып отыр-ресми өкіл

«Кәсіпкерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Ағымдағы жылғы 9 айда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған 950 тексеру жүргізілді, олардың нәтижесі бойынша 13 мың заңдылықты бұзушылықтар анықталды. 1620 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, кәсіпкерлердің мүдделеріне нұқсан келтіретін 710 заңсыз актілер жойылды және өзгертілді, алты жарым мың кәсіпкерлердің конституциялық құқықтары қорғалды»,-деді ресми өкіл.
Оның сөзінше, 1260 тұлға әр түрлі жауапкершілікке, соның ішінде 1190-ы тәртіптік және 70 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заң енгізілгеннен бастап біз адал ниетті кәсіпкерлерге қатысты жоспарлы тексерулер тәуекелдерді бағалау жүйесі арқылы төмендейді деп есептегенбіз. Алайда, осы жылдың басында 6 министрлікті (ТЖМ, ИЖТМ, ҚОҚМ, АШМ, ДСМ мен ҚМ) тексеру нәтижелері тексерулерді жоспарлаудың жаңа тетігі тиісті түрде жұмыс істемейтіндігін көрсетті»,-деді Н. Сүйіндіков.
Атап айтқанда, 26 мың жарымнан астам заңсыз жоспарланған кәсіпкерлерді тексеруді болдыртпау мүмкін болды.
Тексеру нәтижесі бойынша Үкіметке тексерулерді жоспарлауды автоматтандыру ұсынылған екен.
Ресми өкіл шағын және орта бизнес субъектілерінің күнделікті жағдайы да прокурорлардың назарында екенін айта келе, бұдан бұрын хабарланғандай, республиканың барлық аумақтарында заңсыз тексерулер жөнінде түскен мәлімет бойынша шұғыл түрде кәсіпкерге шығып, тексерушінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюға дайын прокурорлардың мобильдік топтарының жұмысы ұйымдастырылғанын ескертіп өтті.
Жыл басынан бастап мобильдік топтардың сенім телефондарына 491 хабарлама түскен, оның 234-і бойынша заңсыз тексерулер туралы мәліметтер өз дәлелін тапты. Осы жылы мобильдік топтардың қызметінің нәтижесі бойынша 2 қылмыстық, 28 әкімшілік іс, 8 тәртіптік өндіріс қозғалды, сондай-ақ заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 107 ұсыныс және 46 наразылық енгізілді.