12:54, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Кәсіпкерлерлікті дамыту үшін әр жерде тұрғындардың сұранысын анықтайтын арнайы мониторингтер жасау керек
АЛМАТЫ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кәсіпкерлікті дамыту үшін әр жерде тұрғындардың сұранысын анықтайтын арнайы мониторинг жүргізу керек.

Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев тұрғындармен болған есеп беру кездесуінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазір бұл жұмыс барлық жерде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жоқ. Мәселен, салық басқармасының мәліметі бойынша Әуезов ауданында өткен жылы 10 388 заңды тұлға мен 16417 шағын кәсіпкер тіркелді. Заңды тұлғалардың 7730-ы, шағын кәсіпкерлердің 11602-сі тұрақты жұмыс жасауда. Қазіргі таңда бұл шағын кәсіпорындар 14545 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 11250-ді құраған болатын. Шағын және орта кәсіпорындар мен жеке тұлғалардан 2008 жылы бюджетке 23 миллиард теңге түсті. Бұл бюджеттің жалпы түсімінің 73,8 пайызын құрайды. Ал 2007 жылы ол 71,2 пайыз болған», дейді аудан әкімі Әділ Несіпбаев. Былтыр Әуезов ауданында 21 жаңа нысан ашылды. Оның біреуі мейрамхана, үшеуі кафе-барлар, төртеуі сән салондары, алтауы шағын тамақ өндірісі, бесеуі дүкен, екеуі көлік қызметін көрсету орталықтары. Оның ішінде «Арзан сауда» көтермемаркеті мен «Мамыр» сауда үйі бар. Сондай-ақ «Жер Ана» қауымдастығы ауданға қарасты аумақта 7 жерден жылжымалы трейлерін және «Жетісу» АҚ 3 сауда орнын орналастырған болатын. Онда ауылшаруашылық өнімдері басқа базарлардағы тауарлардан 15-20 пайызға арзан. Әділ Несіпбаевтың айтуынша, кәсіпкерлерге салық салу, аудиторлық және заң аясында кеңес беру мақсатында аудан әкімдігінде Кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Енді қала әкімінің тапсырмасы бойынша 17 жерден жылжымалы сауда нүктелері ұйымдастырылуда. «Бізде 35 ықшамаудан бар. Экономикалық дағдарысқа байланысты қазір шағын және орта бизнеске әкімшілік жағынан нақты көмек керек болып отыр. Мәселен 1,2 ықшамаудандарда 20 дәріхана болса, 5-6 ықшамаудандарда екеу ғана. Сол себепті тұрғындардың нақты сұранысын анықтайтын мониторинг жүргізіп, оның қорытындысын дұрыс бағыт сілтеу мақсатында кәсіпкерлерге таратып бердік. Бұл өз нәтижесін бере бастады», - дейді Әділ Несіпбаев.