Кәсіпкерлікке не кедергі? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 28 тамыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Ұлыбри­танияның астанасы Лондон қаласында Қазақстанның Бейбітшілік пен келісім орталығы ашылды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы шешім­­­дерін жүзеге асыру шеңберінде іске асырылған шаралардың бірі болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы « Лондондағы Бейбітшілік пен келісім орталығы » атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, орталықтың ашылу салтана­тын­да Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төр­аға­сының орынбасары - Хат­шылық меңгерушісі Ералы Тоғ­жа­нов, «Қазақ­стан қағазы» АҚ дирек­торлар кеңесі­нің төрағасы, Ұлы­бри­тания Парламен­ті қа­уым­дар па­латасының депу­та­ты Тони Бол­дри, британдық инвес­тор­­лар, ғалымдар, Қазақ­­­стан мен Ұлыбри­тания екі­жақ­ты ынтымақтастық келісі­мін іске асыру шеңберінде бірлескен іс-қи­­­мылдар атқарушы ком­па­ния­­­­лар­дың өкілдері қатысты.

Тоғжанов өз сөзінде сал­танатқа қатысушыларды этнос­аралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моде­лімен таныстырды. Сонымен қатар, ҚХА-ның мақсаты мен мін­деттері туралы айтты.

Орталықтың академиялық директоры болып тағайындалған Кембридж университетінің Орталық Азия форумының төрағасы Сидхарт Саксен жаңа ошақтың жұмыс жоспарына сәйкес алдымен «Инклюзивті көптілділік» тақырыбы бойынша семинар өткізілетінін айтты. Сонымен бірге, тұрақтылық ғылымы бойынша сарапшылар панелін құру жоспарланған. Оның шеңберінде жер сілкіністерінің алдын алу, климат өзгеруі саласында алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту және пайдалану мәселелері талқыланатын болады.

Орталық қызметі бағыт­тарының қатарында Ұлы­британияның оқу орындарында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі туралы арнайы лекциялар курсын ұйымдастыру, G-Global идеясын жылжыту, қазақ жазушыларының шығармаларын ағылшын тіліне аударуға ықпал ету және т.б. болады.

Осы басылымда, сонымен қатар, «Кәсіпкерлікке не кедергі?» деген тақырыппен талдамалы материал ұсынылып отыр. Автор бірнеше кәсіпкерлерден осы салада кездесетін кедергілер туралы егжей-тегжейлі сұраған. «Ста­тисти­ка­­лық мәліметтерге жүгі­нетін болсақ, Батыс Қазақстан облыстық кәсіп­кер­лік және өнер­кәсіп басқар­масы­ның 1 шілдеге дейін­­гі мәліме­ті бойынша өңірімізде 46 мың 862 нысан тіркелген болса, соның тек 27 мың 489-ы ғана бел­сенді жұмыс істеп тұр екен. Сон­да қалған 19 мың 373 нысанның жұмы­­сын­ жал­­­ғастырып кете алмай, тұра­­лап қал­ғанына не себеп болды? Жалпы, кәсіпкерліктің дамуына не кедергі ­болып отыр?» деген автор, осы сұрақтардың жауабын сол салада жүрген азаматтардан іздейді.

Мәселен, Орал қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Светлана Лакеева өз кәсібін жүргізу үшін кепілзаттан көп кедергі көргенін айтады. Жеке оқу орнын ашпақ болған ол әкімдіктен құрылысқа арнайы жер алады. дегенмен ақшасы жетпей, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына барса, олар оны банкке жіберген. Ал банк кәсіпкерге қажетті 16 млн.теңгені беру үшін шотына 8 млн.теңге кепіл салу керектігін айтқан. «Менде ондай ақша қайдан болсын?!» дейді кәсіпкер.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бізді ажырастырған Ананди» деген тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Маржан С. атты оқырманның хаты беріліп отыр. Оқырманның жазуынша, ол «те­ле­сериалдарды тоқтатсақ қай­те­ді?» деген пікірге келген. «Себебін өздеріңіз де сезіп жүрген болар­сыз­дар. Біріншіден, адамдар алтын уақытын жоғалтып жатыр. Екін­шіден, жұмыс түгілі, қонаққа бар­саңыз да жөні түзу әңгіме айтыл­майды. Өздері көріп жүрген те­ле­сериалдың кейіпкерлерін тілге тиек еткендердің өзара ұрсысып қалғанын да көзім көрді. Осындай оқиғаны мен де басымнан өт­кер­дім...» дейді ол.

Мәселе былай болған екен. Тұрмысқа шыққанына екі жыл болған Маржан, жасыратыны жоқ, телесе­риалдарды кешкілік көргенді ұна­татын. «Өйткені ауылда одан басқа ермек жоқ. Енем мен атамның да, күйеуімнің де көретіні - «Келін». Бірақ мұны көрген құрлы, Құдай қосқан қосағымнан естімеген сөз­ді естимін. Екі сөзінің бірінде бас­ты кейіпкер Анандиді үлгі етіп, «сен де сондай пысық болмайсың ба?» деп миымды ашытады. Оған енем де қосылып қояды. Тіке айт­паса да, атам да әңгіме арасында ке­ліндердің пысық болғанын құ­лаққағыс жасайды. Ерте тұрамын, кеш жатамын. Үйдің бүкіл ша­руа­сы менің мойнымда. Одан басқа енді не істеуім керек?», - дейді ол.

«Орнымнан тұрып кетемін. Бас­қа бөлмеге барып көз жасымды бір сығып алғаннан басқа не істеймін? Атам мен енем пысық болуды ең ал­дымен ұлынан неге талап етпей­тіндігін түсінбеймін. Не дұрыс жұ­мысы жоқ, достарымен қыдырып, үйге түн ортасында оралады. Бір ескерту жасап көрмеппін. Бұл оны шын сүйетіндігімнен болар. Бірақ күйеуім сүюдің не екендігін сез­бей­тін секілді. Онда неге үйлендік?

Қазір аяғым ауыр. Ата-анам­ның қасына келіп, «үйдегілер де­малып қайтуға жіберді» деген бір ауыз сөзді алданыш етіп жүргеніме алты ай болды. Күйеуім жақтан хабар жоқ. Осыған қарағанда, ақыры ажырасатын секілдіміз. Ажырассақ... бәріне Ананди кінәлі болатын шығар» дейді оқырман.

Айшешек Мағауина - көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің немересі. Болашақ жазушы атасына қарап, бой түзеп келеді. Биыл Айшешек Лондондағы Голдсмит колледжінің студенті атанды. Арманы - жазушы болу. Әзірге Айшешектің өлеңдері, көркем дүниелері ағылшын журналдарында жарық көруде, деп жазады «Айқын» газеті «Ағылшын тілінде жазатын кішкентай қаламгер» атты сұхбатында. Сұхбат авторы кішкентай қаламгермен ғаламтор арқылы хабарласып, әңгімелескен екен. Өзі кішкентай болса да, үлкен жазушының немересі кесек сөйлейді. «Атам маған қазақтың мықты бір тарихи тұлғасы болған сұл­танның жары болған Айшешек бегімнің атын қойыпты. Бұл көне түркі есімінің мағынасы «ай» мен «гүл». «Шешек» - гүлдің түркіше атауы ғой» дейді ол атына байланысты қойылған сұраққа. «Кішкентай кезімнен көркем әдебиеттің ортасында өстім. Ата-анам сияқты журналистика сала­сында жұмыс істеуге, атам сияқты кітап жазуға қызыққаным содан шығар.Үйімде мені «жазушы болады» деп ешкім ойлаған жоқ, ондай идеяны сырттан маған ешкім таңған емес. Әдебиеттің өз жолым екенін өзім сездім. Қа­ным­да бар қасиет десеңіз де болады» дейді тағы жазушылық жолды қалай таңдағанын айта келе.

*** «Литер» газетінің «Дань учителю» атты мақаласында жазуынша, Павлодарда ең үздік ұстаздарды марапаттау тізімі ұзартылған. Бұрын дәстүрлі түрде оқу жылының басында үш ұстаз ұлықталып келсе, енді төрт мұғалімге сый-сияпат көрсетілетін болған. Ал олардың барлығына су жаңа автокөлік тарту етіледі. Бұрын тек орта мектептер мен жоғары оқу орындарының ұстаздары аталып келсе, биыл дарынды балаларға арналған арнайы вокалдық-хор пәндері музыкалық мектеп-интернатының оқытушысы Яна Касьян жүлдегер атанып отыр. Сонымен қөатар, Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты 21 жыл бойы басқарып келген Мақажан Жылқыбаев та жаңа «Шкоданың» кілтін алды. Сондай-ақ Екібастұз қаласындағы «Қайнар» оқу орталығының директоры Фарзия Клепица мен дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының химия пәні мұғалімі Алмас Ордабаев темір тұлпарларға жайғасты.

Соңғы жаңалықтар