Кәсіпорынның жалақы жөніндегі берешегі қайтарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қазір бүкіл әлемді шарпыған қаржы дағдарысы жағдайында кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлерінің заңды еңбекақысын мерзімінде өтеудің маңызы зор.
Осы орайда Қызылорда қалалық прокуратурасы республиканың Конституциясына және Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес "Қызылорда жылу-электр орталығы" мемлекеттік кәсіпорнының қызметіне тексеру жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде кәсіпорында 2008 жылдың желтоқсан айына 621 қызметкерге тиісті 27,4 млн. теңгенің жалақысы төленбей, олардың заңды талаптарының бұзылуына жол бергені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған факті бойынша қалалық прокуратура кәсіпорын директоры Н.Сатқановтың атына 621 қызметкердің 27,4 млн. теңге көлеміндегі өткен жылдың желтоқсан айына тиісті жалақыларын шұғыл түрде төлеу шараларын қолдану туралы ұйғарым енгізді. Ұйғарым нәтижесінде кәсіпорын директоры өз қызметкерлеріне жалақы берешегін өтеп, олардың заңды талаптары қанағаттандырылды.Тексеру барысында анықталғанындай, кәсіпорын басшылығы кейбір қызметкерлерге, оның ішінде басқару аппаратында жұмыс істейтіндерге артықшылық көрсетіп, жалақы төлеудегі теңдік ұстанымын бұзуға жол берген. 600-ден астам қызметкердің жалақысы мерзімінде өтелмей отырғанына қарамастан, желтоқсан айына өндірістік-техникалық бөлім бастығына 144,4 мың теңге, директордың орынбасарына 54,7 мың теңге, заңгерге 42,5 мың теңге, жоспарлау бөлімінің бастығына 15,3 мың теңге, сондай-ақ, кеңсе меңгерушісіне 8,7 мың теңге артық төленген. Сондай-ақ, кәсіпорынның жұмысшы мамандықтарының төменгі санаттары бойынша жалақылары республика заңдарымен белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем екендігі анықталды. Республика Үкіметінің арнайы қаулысында бекітілген тарифтік коэффициенттерді қоса есептегенде, айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмау керектігі айқын көрсетілсе де 2008 жылға жұмысшылар мен қызметкерлердің штаттық кесте бойынша бекітілген базалық жалақы көлемі 2007 жылғы айлық жалақының ең төменгі мөлшерінде, яғни, 9752 теңге көлемінде есептелген күйінде өзгеріссіз қалдырылған. 2008 жыл көлемінде айлық жалақының ең төменгі мөлшерінің қайта есептелмеуінен 8,2 млн. теңге базалық жалақы айырмасы 626 штат бірлігіне төленбей қалғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша осы және басқа да анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін тиісті прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылды. Аталған мәселелер алдағы уақытта да прокуратура органдары жұмысының басты назарында болады.