«Кәсіптік білімде кедергі көп» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
*** «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» атты көлемді мақала жарияланды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әйгілі Ұлытау сұхбатында ұлтымыздың, еліміздің тарихи тереңінен ой қозғап, оның мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі үшін маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Бұл сұхбат, елім, жерім, ұлтым, қаным деген еш азаматты бейжай қалдырмағанына сұхбаттан кейінгі осы қысқа мерзімде ел газеті «Егеменнің» бетінде қаншама адамдардың үн қосқандығын айтсақ та дәлел жеткілікті. Ел арасында «Ұлытау сұхбаты», «Ұлытау сабақтары», «Ұлытау толғанысы», «Ұлытау - мемлекеттің қайнар бұлағы», «Ұлытау - мемлекеттігіміздің қара шаңырағы» сияқты ұғымдар айшықталып, бүкіл қазақ даласына таралып, қазақ мемлекеттігінің жаңа замандағы жаңа мақсаттары да жүрекке жылы қабылданып, ұлттық рух, ұлттық санаға оң әсерін тигізіп жатқаны да шындық»,- деп жазады мақала авторы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі Қуаныш Сұлтанов. Бас басылымда « Қазақ ақыны халықаралық деңгейде ардақталды» атты мақала басылды. Жақында Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ үні» газетінің президенті, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері, талантты ақын Қазыбек Исаға Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» орденін тапсыру салтанаты болып өтті. Шараға Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Бақыт Сарбалаев, Аманхан Әлім сияқты бір топ белгілі ақын-жазушылар, республикалық БАҚ өкілдері мен Азат Перуашев бастаған бірқатар саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және оңтүстік астана тұрғындары қатысты.
Көпшілікке кеңінен танымал «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» секілді жыр жинақтары арқылы әдебиетсүйер қауымның көңілінің төрінен орын алып, өзіндік өрнегі бар өлеңдері жоғары бағаланған ақын Қазыбек Иса көптеген республикалық жыр мүшәйраларының да жеңімпазы. Шынайылық пен терең ойға, бедерлі бейнелеу мен нәзік лиризмге толы шайыр шығармалары қазақ оқырмандарының жүрегіне жол тауып, халықаралық деңгейде де танымал бола бастады. Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» ордені иегері атануы соның айғағы дер едік. Марапаттауға Мәскеуден арнайы келген Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Владимир Середин қазақ ақынына сыйлықты өз қолымен табыс етті.
*** «Айқын» газетінің жазуынша, Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Дариға Назарбаева кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау ісіне жеке компанияларды тарту қанағаттанарлық деңгейде жүрмей отырғандығына назар аудартты. Кеше, Мәжілісте оның қатысуымен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, онда «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметі қаралды. Жалпы, «Кәсіпқор» холдингінің колледждерінде шәкірттердің барлығы мемлекеттік грантпен оқиды екен. «Бұл түлектер кейін жекеменшік кәсіпорындарға жұмысқа орналаса ма?» деп сұрады Д.Назарбаева. «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрайымы Елдана Сәдуақасова мұны растады: «Олар жеке компанияларға да жұмысқа тұрады. Яғни экономиканы көтеруге үлестерін қосады» деді ол. - Осы екі ізгі істің басын қосу жайын ойластыруларыңыз керек! - деп кеңес берді Дариға Нұрсұлтанқызы. - Мемлекет колледждерді ұстап тұруға және дамытуға ел бюджетінен қыруар қаржы шығындайды, өз есебінен мамандарды даярлайды, бірақ олар жеке компанияларға қызмет етуге кетеді. Оның үстіне мұнай-газ саласында әсіресе, шетелдік компаниялар көп. Сондықтан мамандарды даярлауды мүдделі кәсіпорындар да қаржыландырулары керек. Заң бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, мұнай өндіруші компаниялар өздерінің айналымдық қаржыларының 1 пайызын кадрларды әзірлеуге бағыттаулары тиіс. Сіздер осы қаржының мақсатты жеріне жұмсалуын үйлестірулеріңіз керек. Бұл жайында «Кәсіптік білімде кедергі көп» деген мақалада толық берілген.
Осы басылымда «Пікір. Уәж» айдарында «Қауіп: мұнайдан ба, әлде рубльден бе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда газет мамандардың пікірін ортаға салған. Мұнай бағасының күннен-күнге құлдырауы осы шикізаттан түсетін қаржыға аса маңыз беретін мемлекеттер үшін қиынға соғуда. Өйткені, мұнай өндіретін көптеген мемлекеттердің қара алтыннан түсетін пайдасы кеміді, бюджеті ортайды, ұлттық валюталары құнсызданды, экономикалары тоқырай бастады. Мұны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сол жағдай бүгін Қазақстанның да басында бар. Бұдан біраз бұрын Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Мұнай бағасының түсуі де, Ресей рублінің құнсыздануы да бізге айтарлықтай әсері жоқ» деген еді. Алайда араға көп уақыт салмай бас банкир Алматыда өткен «Қазақстанды қаржыландыру өсімі» атты халықаралық форумында алдыңғы айтқан сөзіне кереғар пікір айтты. Ол «Қазақстанды барлығы мұнай өндіруші ел ретінде таниды. Біз әлемдегі мұнай шығарушы ең ірі 20 елдің қатарына кіреміз. Сондықтан мұнайдың орта есеппен алғандағы бағасына тәуелдіміз. Баға баррелі үшін 85 доллар болуы мүмкін, сәл көп, не сәл аздау тіркелуі де ықтимал» дей келе, баға құбылысына байланысты; «Оны ешкім болжай алмайды. Баға құбылысы өте жоғары болуы мүмкін екенін де түсінеміз. Тіпті ол құлдырап кетуі де ғажап емес. Ал бұл жағдай Қазақстан сияқты мұнай өндіруші елге үлкен қиындық әкелуі мүмкін. Елімізге қазір Ресей экономикасының, әсіресе, рубль бағамының төмендеуі әсер етіп отыр. Өйткені Ресей - Қазақстанның ірі сауда әріптесі» деп мұнай бағасының да, рубльдің де бізге әсері бар екенін мойындады. *** «Ана тілі» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында «Жаһандану бағытындағы ұлттық ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Бекжан Әбдуәлиұлы: «...атау беру десе, атамыздың атын ала жүгіруді әдетке айналдырдық. Егер де осы бағытымызбен кете беретін болсақ, әртүрлі мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік нысандарға адам атын беруге мораторий жариялауды әлі біраз жылдарға ұзарта түсу керек деп ойлаймын. Оның орнына, жер-суды тануда, оны атауда ғасырлар бойы жиған ұшан-теңіз тәжірибемізді бүгінгі күннің қажетіне қалай жаратамыз деген сұрақ күн тәртібіне шығуы тиіс. Тарихты ономастика бойынша жаңғырту мәселесінде біз көбіне тарихи тұлғаларды ғана айтамыз. Енді тарихи жер-су атауларын да осы қатарға қоюымыз керек. Мысалы, Айнабұлақ, Айнакөл, Айтоған, Айыркөл, Ақбиік, Ақбұлақ, Ақжайық, Ақирек, Ақкент, Ақкиік, Ақсеңгір, Аққайнар, Аққұм, Гүлдала, Гүлдісай, Көктұма, Көксеңгір, Сағызсай, Сұлубел, Сұлутал, Сұлутөр, Салқынбел, Салқынтау, Саумалтау, Саумалкөл, Күмісбұлақ, Күмістас, Тентекбұлақ, Бүлдіргенсай, Былқылдақ, Алтынкөл, Сағызсай, Тобылғысай, Аққайың, Қайыңды, Ақбұлың, т.б. секілді көркем атаулардың түсіндірме сөздіктерін жасау қажет. Мұны жаңа мекеме ашушы іскер азаматтардың назарына ұсыну да қала, ауыл, елді мекен атауларының қазақылануына септігін тигізеді. Ал Аңырақай, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ордабазар, Отырар, Ордабасы, Ордакент, Ордатау, Сарайшық, Ұлытау, Хан Тәңірі, Хантағы, Хантау, Қарауылтөбе, т.б. атаулардың тарихтағы орнын айта отырып, жарнамалаудың тетіктерін қалыптастыру алдымызда тұрған үлкен міндет» деп сабақтады сөзін. Бұл көлемді мақала басылымның соңғы санында «Жаһандану бағытындағы ұлттық ономастика» деген тақырыппен берілген.