Kaspi bank жеке тұлғаларға берілетін несиенің айлық көлемін 40 мыңға дейін жеткізбек
АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Kaspi bank наурыз айында жеке тұлғаларға 20 мыңнан астам несие берді. Енді күзге қарай несиенің бұл айлық көлемі екі есе ұлғайтылмақ. Оны банктің Басқарма төрағасы бүгін шоғырландырылған аудит жүргізілген қаржылық есептің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жыл ішінде біз өз бизнесіміздің бірде-бір желісін тоқтатқан жоқпыз. Барлық негізгі сектордағы жұмысты белсенді түрде одан ары жалғастырдық. Жеке тұлғаларға 250 мыңнан астам несие бердік. Ай сайынғы клиенттер саны жағынан банктердің ішінде ең жоғарғы көрсеткіш бізде. Кейбір банктер 100 мың теңгеден 100 несие бергенді жөн санаса, біз 100 мың клиентке мың теңгеден 100 мың несие бергенді дұрыс деп санаймыз», дейді Kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе. Оның айтуынша, банк наурыз айында 20 мыңнан астам жеке тұлғаға несие берген болатын. Енді күзге қарай клиенттерге ай сайын берілетін несиенің санын екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.