«Каспий бестігі» халықаралық келісімдерді дайындау қарқынын үдетуге ниетті - Е. Ыдырысов
Сыртқы саясат ведомствосы басшысының айтуынша, бұндай форматтағы кездесу елімізде алғаш рет өтіп отыр. Сонымен қатар, бұл жиын Қазақстанда өтуі жоспарланған «Каспий бестігі» мемлекеттерінің Бесінші саммиті үшін аса маңызды кезең болып табылады. «Арнайы жұмыс топтарында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі келіссөздер басталғалы 20 жыл өтіпті. Осы кезең аралығында барлық тараптар ауқымды жұмыстар атқарып, Каспий теңізінің құқықтық режиміне қатысты жекелеген элементтер келісілді. Айтарлықтай салмақты құқықтық базаға қарамастан, «Каспий бестігі» әртүрлі бағыттағы халықаралық келісімдерді дайындау қарқынын одан әрі үдетуге ниетті. Бұл құқықтық база ең бірінші кезекте құзыретті органдар арасындағы жекелеген бағыттар бойынша Каспий теңізінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге ведомствоаралық хаттаманы әзірлеу мәселесін қамтып отыр», - деді министр Е. Ыдырысов.
Оның айтуынша, аталмыш келісім негіздемелік құжат болып табылады. Әрі Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және құқыққа қайшы әрекеттермен күрес бойынша теңіз маңындағы мемлекеттердің өзара әрекеттестігі үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
«Бұдан бөлек, бүгінгі таңда тараптардың қарауында келешек ынтымақтастықты дамытуға негіз болатын бірқатар маңызды келісімшарт жобалары жатыр», - деді СІМ басшысы.