«Каспий келешегін ойластырудан кеш қалмайық» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 16 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Каспий келешегін ойластырудан кеш қалмайық» - баспасөзге шолу

***

«Аралды аздырып алған еліміздің қазіргі қолына ұстап, көзіне нұр еткені жалғыз теңіз - Каспий. Балығы асқа, жағасы демалысқа, суы тіршілікке, қарым-қатынас, сауда-саттыққа, өзге де байлық-бары қажетімізге жарап келе жатқан Каспийді «жалғыз» деп маңдайға баса алдық па, жоқ, барын талап пайдаланудан әрі аса алмай жүрміз бе? Айтылған сөз, жасалған жұмыстың нәтижесі қандай? Расында, сол жалғыздың мұңы да, жыры да жеткілікті сияқты»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Каспий келешегін ойластырудан кеш қалмайық» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Каспий бүгінде тек теңіз емес, үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызға ие нысанға айналды. Шартарапты байланыстырар алтын көпір де - өзі, жанды-жансыз қазыналарға толы қазан да - өзі, теңіздің күміс суына шомы­лып, жағалаудағы алтын құм мен қиыршық тасына жантайып, ден­саулықты күтіп, жан-жүйкемді демалтамын дегеннің діттегені де - өзі. Ең басты алаң теңіз табанынан мұнай өндіруге байланысты болып тұр. Қазірдің өзінде теңізде Солтүстік Каспийдің мұнай кен орындарын игеру үшін 300-дей ірі тонналық кемелер жосып жүр. Қызу жұмыспен олардың күніне қанша шақырым шиырлайтыны мәлім емес, ал ол теңіздің био­алуантүрлілік ортасына нұқсан кел­тіретіні анық.

Осы басылымда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновпен арадағы сұхбат жарық көрді. Екеуара әңгіме барысында тілші тарабының барлық сауалына тұщымды жауап қайтарған жауапты хатшы: «Кезінде бұл жүйе де сыналған болатын. Бірақ уақыт өте келе жүйенің тиімділігі байқалуда. Сол сияқты, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік - жекеменшік серік­тестік тетіктерін енгізу де ден­сау­лық сақтау саласын жоғары деңгейге көтереді деп сенеміз. Бү­гінгі таңда мемлекеттік-жеке­меншік серіктестік тетіктері арқылы жүзеге асырылатын нысандар тізімі (өңірлер бойынша) анықталуда. Бұл тізім министрлік сайтында жарияланатын болады», - дейді. Сұхбат «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік - отандық медицинаның жаңа белесі» деген тақырыппен берілген.

***

Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылындағы «Толағай» балабақшасының тәрбиешісі Гүззал Мырзағарина қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Бақша күзетшісі оны соққыға жаққан. Қашып жүріп, сүрінеді. Сол кезде болашақ анадан қан кетеді. Дәрігерлер оны жүкті екенін білмеді, сөйтіп, тәні ауырса да жүре берді. Күн өткен сайын әлсіреп, басын көтере алмай қалған соң оны аудан орталығына, кейін Ақтөбе қаласына әкеледі. «Емделушіден 17-18 күн бойы қан еткен. Біз ота жасап, бір түтікшесін алып тастауға мәжбүр болдық. Сәл кешіккенде ол өмірімен қоштасар еді» дейді дәрігер Гүлнұр Ақанова. Бұл жайында «Айқын» газетінің жұма күнгі санындағы «Балабақшадағы былықтан тәрбиеші ауруханаға түсті» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Бақшадағы былық мұнымен бітпеді. Мазасыз тірліктен шаршаған Дәурен Мырзағары прокуратураға шағымданады. Арызданушы бұл шырғалаңды Қаржы полициясы шешеді деп хабар да алған. Бірақ заңсыздықтың ақ-қарасын анықтайтын құзырлы орган өкілдері әлі күнге дейін бір жауабын бермей, Шетырғызға бармай, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдырып келеді», - деп жазады басылым.

Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраевтың атап өтуінше, Түркі академиясы Қазақстан тарапынан құрылып, бүгінде толыққанды жұмыс істеп жатыр. Бұл мекеме үш жылға жуық уақыттың ішінде өзінің көптеген ғылыми және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстары, шығарған өнімдері арқылы дүниежүзінің түркологтарына таныла да бастаған. Бұл жайында ол «Айқын» газетіне «Классикалық түркітану дәстүрін жалғайтын боламыз» деген тақырыппен берген сұхбатында айтқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Тарихқа Түркияның ғалымдары жетіктеу. Соның айқын дәлелі ретінде олар «Түркілер» дейтін энциклопедиялық жинақ шығарды. Әрқайсысы 800-900 беттен. Барлығы - 20 том. Бұл - тәлімді тәжірибе. Біз осыған орай тарихи мәселелерді жазу барысында Түркия ғалымдары көбірек көмек береді деп ойлаймын. Ал енді тіл ғылымында Қазақстан мен Әзірбайжанның ғалымдары көбірек пайдасын тигізбек. Көне түркі жазба ескерткіштерін тануға Түркия, Қырғызстан және Қазақстан зерттеушілері нақты үлес қоса алады. Бұлардың әдебиеттегі, тарихтағы, қоғамдық пәндердегі ара салмағын өлшеп қойған ешкім жоқ. Бірақ дүниежүзі бойынша сөзі мен зерттеуі салмақты ғалымдар жобаларға қатыса алатыны анық», - дейді.

***

Санаулы күндерден кейін оқушылар мектеп табалдырығын аттайды. Ал осынау маңызды күндерге балаңызды дайындау барысында қандай қиындықтарға бетпе-бет келесіз? Міне осы мәселені талқыға салған «Литер» басылымы аталған жайтқа орай бірқатар азаматтың пікірлерін беріп отыр.

***

Ақтауда қараусыз жүрген малдарға арналған арнайы айыпқора салынбақ. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің бүгінгі санындағы «Штрафстоянка для коров» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, жергілікті биліктің мұндай қадамға баруына қалада қараусыз жүрген малдардың көше бойындағы жасыл желекті бүлдіруі түрткі болыпты.