Каспий құбыры консорциумының экспорттық әлеуеті артатын болады
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2014 жылға қарай Каспий құбыры консорциумының экспорттық әлеуетін 50 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті.
«2010 жылдың соңында Каспий құбыр желісі консорциумының құбыр жүйесін кеңейту бойынша соңғы шешімге қол қойылды. Болашақта яғни, 2014 жылы аталған құбыр бойынша экспорт көлемі 50 млн. тоннаға дейін жетеді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 26 млн. тоннаны құрап отыр»,-деп атап өтті компания басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы елімізде өндірілетін мұнайдың 40,2 пайызы аталған құбыр бойымен тасымалданған еді. Жалпы алғанда, 2010 жылы экспортталған мұнайдың үлесі 71,2 млн. тоннаны құрады.