18:21, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің төрт оқытушысы Ресейге біліктілігін жетілдіруге барады
АҚТАУ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің үш студенті Ресей жоғары оқу орындарында білім алуда.

Олардың бірі И.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік Мұнай-газ институтында аспирантурада оқуда болса, екеуі Астрахан мемлекеттік теңіз технологиялары университетінде магистратурада. Үш жыл білім алатын ақтаулық студенттердің оқуы облыстағы жоғары білім мәселесімен айналысатын «Қамқорлық кеңесінің» жанындағы «Білім және ғылым» қорынан қаржыландырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі университет басшылығына сілтеме жасап. «Қамқорлық кеңесі» облыс әкімі жанынан осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Оған облыстағы жиырмадан астам ірі кәсіпорындар мен өзгедей серіктестіктер мүше. Солардың мүшелік жарналарынан «Білім және ғылым» қоры құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты аймақтың кәсіптік сұранысын ішкі еңбек ресурсынан қамту балансын қалыптастыру. Осы қор қаржысынан кадрлар дайындау, ресейлік тәлімгер профессорлардың жұмысын қаржыландыру, зертханалар ашу сынды жұмыстарды атқарудамыз. Алдағы ақпан айында, төрт оқытушымыз Ресейдің Новосібір қаласындағы Адмирал Ушаков атындағы Академияда келісім-шарт бойынша теңіз технологиялары жөнінен біліктілігін жетілдіруден өтпек», - дейді университет проректоры Біржан Сәуірбаев.«Білім және ғылым» қоры қаржысынан Ресейге екі айға бара жатқан мұғалімдер төрт бағыт бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтпек. Олар: Навигациялық вахтаның жүрісін ұйымдастыру; кемелермен маневр жасау және басқару; рейс алдындағы дайындық және кеме механикасы. Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіре түсу үшін университетке 2 компьютерлік тренажерлік зал сатылып алынды.