Каспий теңізінде екі адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында теңізге шыққан екі ер адам суға кетіп қала жаздады.
Олар сапборд тақтасымен серуендеуге шыққан. Күшті ағыс салдарынан оларды теңізге қарай алып кеткен.
Судағы профилактикалық іс-шаралар барысында ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Ақтау қаласының 4А шағын ауданы маңында жағадан шамамен 500 метр қашықтықта көмек сұраған адамдарды байқаған.
Екі азамат құтқару жилеттерін киген, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектесті.
Олар қайықпен жағаға жеткізілді. Медициналық көмек қажет болмады.
Айта кетелік өткен жылы құтқарушылар 276 адамның өмірін сақтап қалған еді.