Каспий теңізінің жағалауындағы 5 гектар аумақта қамыс өртеніп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің Атырау облысындағы жағалауында 5 гектар аумақта қамыс бықсып жатқаны анықталды. Оны сөндіруге тікұшақпен 18 өр сөндіруші жіберілді.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 7 қазанда сағат 13:00-де «Еврокоптер» тікұшағымен Каспий теңізінің жағалауына әуеден барлау жүргізілген.
«Барлау нәтижесінде Құрманғазы ауылынан 43 шақырым, Зинеден ауылынан 56 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің жағалауында 5 гектар қамыс бықсып жатыр. Оның ошағы сулы, батпақты жерде болғандықтан, жерден сөндіруге қиындық туындады. Сол себептен, өрт ошағына сағат 15:15-те «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен 18 өрт сөндіруші жіберілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Ал, сағат 17:00-де тікұшақпен әуеден су төгу басталған. Теңіз жағалауында бықсыған қамысты сөндіру жалғасып жатыр.
«Әлеуметтік желіде Атырау облысындағы қамыс өртінің Ресей Федерациясының кейбір аймағындағы түтінге себеп болғаны туралы тараған ақпарат расталған жоқ. Қамыс бықсып жатқан аумақ Атырау облысы мен Ресейдегі Астрахань өңірі арасындағы шекарадан 150 шақырым қашықта орналасқан», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен тобынан.
Еске сала кетелік, Ресейдің Астрахань облысымен шекарадағы қамыс өртінің иісі Атырауға жеткенін жазған болатынбыз.